Паранджа кисеңіз 39320 теңге айыппұл төлейсіз
Мәжіліс қоғамдық орындарда бетті толық жабатын киімді (никаб) киюге әкімшілік жауапкершілік енгізетін заң жобасын екінші оқылымда қабылдады,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа түзетулерге сәйкес, алғашқы рет құқықбұзушылыққа жол бергендерге ескерту жасалынады. Ал қайталанған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл — 2025 жылғы есеппен 39 320 теңге.
Заң президенттің тапсырмасы бойынша әзірленген «Құқықбұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң аясында қабылданды. Құжатта қоғамдық орындарда тануға кедергі келтіретін киімді кию әкімшілік құқықбұзушылық ретінде белгіленген.
Сонымен қатар заңда әлеуметтік желілер мен өзге де платформаларда заңға қайшы контентті жариялағандар мен таратқандар үшін жауапкершілік күшейтіледі. Мемлекеттік органдардың құқықбұзушылық себептерін жою туралы нұсқауларын қасақана орындамағандар да жазаға тартылады.
Профилактика жүйесі де кеңейтіліп, оған қосымша субъектілер енгізілді. Енді олардың саны 13-тен 26-ға дейін өседі. Тізімге отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар, қамқоршылық органдары, жастар орталықтары, кәсіпкерлер және БАҚ өкілдері кіреді.
Табиғи және техногендік төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша азаматтық қорғаныс шараларын орындамаған мемлекеттік лауазымды тұлғаларға қатысты да жаңа жауапкершілік түрлері қарастырылған. Мұндай деректер бойынша енді Төтенше жағдайлар министрлігі тікелей шара қолдана алады.







