Сала үздіктері марапатталды
Спорт күні мерекесіне орай облыс әкімінің орынбасары Ш.Баймановтың қатысуымен салтанатты шара өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Шараға спорт саласының ардагерлері, жаттықтырушылар, спортшылар және БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында Ш. Байманов аймақ басшысының қолдауымен облысымызда спорт саласында жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталып, осы салада аянбай еңбек етіп келген бірқатар қызметкерді марапаттады.
Кәсіби мереке қарсаңында 5 жерлесімізге ҚР Туризм және спорт министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері», 3 сала маманына «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері берілсе, бірқатар қызметкерлерге облыс әкімінің, министрдің «Құрмет грамотасы» мен алғыс хаттары табысталды. Бұдан бөлек, спорт күні қарсаңында облыс бойынша 60-қа жуық түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен, кәсіпкерлердің демеушілігімен соңғы жылдары аймағымызда заманауи спорт нысандары көптеп бой көтеруде.2023 жылы 13 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, оның 9-ы қолданысқа берілді. Өтпелі 4 нысанның құрылыс жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы 10 кешеннің және «Қазақстан халқына» қоры арқылы 2 шағын спорт кешенінің құрылысы басталады.
Биыл Қызылорда қаласында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисі орталығы ел игілігіне табысталады. Халықаралық талаптарға сай 10 000 орындық жаңа стадионның құрылысы қарқынды жүруде. Халықты бұқаралық спортқа баулуға бағытталған игілікті істердің жалғасы ретінде спорттық үйірмелермен қамтуға мүмкіндік беретін көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені салынады.
Жалпы аймақ бойынша 2023 жылы өңір халқының 39 пайызы бұқаралық спортпен айналысуға қол жеткізді.