МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫҢ ЕРЕКШЕ БАСТАМАСЫ

566
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және "Рухани жаңғыру" Қазақстандық  қоғамдық даму институты " ұйымдастыруымен  волонтерлік  бастамаларды  қолдауға  арналған  шағын гранттар конкурсының  жеңімпазы  «Жылы жүрек жастар» қоғамдық бірлестігінің  «Үйренуден жалықпа» атты әлеуметтік бейімдеу (эрготерапия, тұрмыстық) бөлмесінің  ашылу  салтанаты өтті- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат  агенттігі.

Бүгін "Жылы жүрек жастар" қоғамдық бірлестігі Талсуат ауылдық округінде орналасқан Оңалту орталығынан «Үйренуден жалықпа» атты әлеуметтік бейімдеу (эрготерапия, тұрмыстық) бөлмесін жасақтап, ашты. Оған мұрындық болған қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Сағатбек Қуанышбайұлы.

Бұл жобаның  мақсаты  мен  міндеті  мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ұмтылған тұрмыстық, еңбек дағдыларын қалпына келтіру, еңбекке, ұсақ моторикаларын жетілдіру және түрлі тағамдар әзірлеп үйрену арқылы шағын кәсіпкерлікке  баулу. 


Аталған жабдықталған әлеуметтік бейімдеу  бөлмесінде олар өз қолдарымен түрлі тәтті тағамдар пісіріп үйрену арқылы түрлі сайыстар ұйымдастырады. Осы арқылы өмірге деген құлшыныстары  артып, алға қарай дамып, өрлейді. 

Әлеуметтік бейімдеу бөлмесі бұл имитациялық кеңістік, онда пациенттерге арнайы тренажерлардың, тұрмыстық заттардың  көмегімен күнделікті өзіне-өзі күтім жасаудың негізгі дағдылары үйретіледі.

Атап өтер болсақ, бөлме екі аймаққа бөлінген. 


Біріншісі ас үй. Мұнда инсульт алған науқастар қайтадан үстелге отыруды, ас құралдары мен ыдыс -аяқтарды, шкафтарды ашуды, шәйнекті қосуды, ыдыс жууды үйренеді.  Ал, екінші аймақта ұсақ моторикаға арналған арнайы құрылғылармен  ұсақ моторикасын жетілдіреді. 

Жобаның  қажеттілігі  әлеуметтік қызметтерді алушыларға әлеуметтік бағдарлау, өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын қалпына келтіруге, мүгедектігі  бар ерекше жандарға өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға, өзіне сенімді болуға және басқа адамдармен тығыз байланыста өмір сүруге мүмкіндік береді. 

Шараға Үкіметтік  емес  ұйым  өкілдері, қоғам белсенділері қатысты.

Шара барысында ең алдымен «Үйренуден жалықпа»атты әлеуметтік  бейімдеу бөлмесі таныстырылды. Сондай-ақ, әлеуметтік бейімдеу бөлмесіне  алынған тұрмыстық заттарды пайдалану арқылы көрсетілетін  шағын  аспаздық техниканы  үйрету  сабағы болып өтті. Және де Сағатбек Қуанышбайұлы Эрготерапия бөлмесіне алынған  құрал  жабдықтар не  мақсатта алынғаны  турасында кеңінен ақпарат беріп, түсіндірме  жұмыстарын жүргізді. Әрине,  шара мүмкіндігі  шектеулі  азаматтардың  қатысуымен ұйымдастырылды.

Шара соңы мерекелік концертке ұласты. Өнерпаздар әннен шашу шашып, көрермен ықыласына бөленді.