Сотталған әйел жетінші баласын тергеу изоляторында босанды
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментiне қарасты № 68 мекемесiндегі 34 жастағы сотталған әйел перзентті болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мекемеде үнемі медициналық қызметкер жұмыс істейді. Жазасын өтеп жатқан сотталғандардың медициналық көмек алуға толықтай құқықтары бар.
ҚР ҚК 190 бабының 3- бөлігінің 4- тармағы бойынша сотталған С.есімді әйел медициналық тексерістен өту барысында жүкті болғандықтан, акушер – гинекологтың бақылауына алынған болатын.
Аяғы ауыр әйелге, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 қарашадағы № 1255 қаулысына сәйкес, арнайы бекітілген норма бойынша ас-су тағамдары дайындалады.
Сотталған босанар уақытында мекеме қызметкерлерінің сүйемелденуімен «Ана мен Бала орталығы» Қызылорда облыстық перзентханасына жеткізілді.
Босанған әйелдің айтуы бойынша, дүниеге келген ұл бала – отбасында жетінші перзенті екен. Өзге балалары күйеуі мен туыстарының қарауында. Босану асқынусыз өтті. Бүгінде ана мен нәрестенің денсаулық жағдайы өте жақсы.
Қазақстан Республикасының заңы жас аналарды қамауда да баласынан ажыратпауға рұқсат береді, осыған байланысты мекеме әкімшілігі алғашқы кезекте сотталғанды сәбиімен бірге жайлы бөлмеге орналастырып, нәрестені тиісті түрде бағуына жағдай жасады.
Сонымен қатар, мекеме қызметкерлері балаға арналған төсек орын жабдықтары мен қажетті азық-түлікпен және киім-кешек, жаялықтармен қамтамасыз етті.