Жаңақорған ауданының әкімі тағайындалды

1 550

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Жаңақорған ауданында әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге, кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Жиында аймақ басшысы Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарған Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлына қажырлы еңбегі үшін облыстың ең жоғары марапаты – Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» табыстап, ауданның жаңа әкімі Самитов Мажит Самитұлын таныстырды.


«Бүгін кадрлық өзгерістерге байланысты жиналдық. Жаңа ғана аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, тиісті шешім қабылданды. Өздеріңізге белгілі, бұған дейін Жаңақорған ауданының әкімі қызметін атқарған Тілеуімбетов Мұрат Жолкелдіұлы ел мүддесі жолындағы қызметін Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жалғастыруда.  Мұрат Жолкелдіұлы мұнда 2 жылдан астам қызмет жасады. Жаңақорғанда кейінгі жылдары құрылыс қарқын алып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты істер жүзеге асырылды. Маңызды жобаларды жоғары деңгейде үйлестіріп, нәтижелі жұмыс атқарған Мұрат Жолкелдіұлының елеулі еңбегін атап өту қажет.
Ендігі кезекте ауданның жаңа әкімін таныстыруға рұқсат етіңіздер. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Жаңақорған аудандық мәслихатының келісімдері негізінде, облыс әкімінің өкімімен Жаңақорған ауданының әкімі лауазымына Самитов Мажит Самитұлы тағайындалды.
Мажит Самитұлы – білікті маман, тәжірибелі басшы.  Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен. Аудан әкімі ретінде Мемлекет басшысының тапсырмалары мен алға қойған міндеттерді орындап, игі бастамаларды одан әрі жалғастыру жолында аянбай жұмыс жасайды деп сенемін. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін!», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.


Самитов Мажит Самитұлы 1985 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген.

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін «Заңтану», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Экономика» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2007 жылы Қызылорда қаласы прокурорының көмекшісі болып бастаған. 2010-2015 жылдары Қызылорда облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры, аға прокуроры қызметтерін атқарған. 2015-2017 жылдары ҚР Бас прокуратурасының бірінші департаментінің прокуроры, аға прокуроры болған.

2017-2019 жылдары Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары, Қызылорда облысы әкімінің көмекшісі қызметтерін атқарған. 2019-2022 жылдары Президент Әкімшілігі басшысының хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған.

2022 жылдың маусым айынан ҚР Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының меңгерушісі саяси қызметін атқарып келді.