Биыл күзде 19 мыңнан аса қазақстандық әскерге аттанбақ

19

Күзгі әскерге 19 мыңнан аса қазақстандық шақырылмақ, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жоспарға сәйкес Астана мен Алматыдан 2 мыңға жуық шақырылушы Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге жіберіледі.


Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілі, запастағы полковник Ғани Артықовтың айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің әскери бөлімдері белгіленген тәртіппен бірінші болып жасақталады.

"Әскерге шақырылушылардың моральдық-психологиялық деңгейінің жоғары екенін айта кетейін. Олар медициналық комиссияның бірнеше кезеңінен сәтті өтті. Медициналық көрсеткіштеріне қарай көктемде шақырылатындары да бар. Денсаулықты қалпына келтіру үшін бір жылға кейінге қалдырылатыны бар", – деп түсіндірді Ғани Артықов.


Сондай-ақ ол осы шақырылымда астаналықтардың көбі жоғары және орта арнаулы білімімен ерекшеленгеніне назар аударды.


Әскерге шақыру бақылау комиссиясының дәрігер-терапевті Жанат Мұқышева жалпы жастардың денсаулығына байланысты айтарлықтай шағымдардың жоқ екенін, алайда көру қабілетінің төмендігі, семіздік және дене салмағының аздығы сияқты жағдайлардың бар екенін мәлімдеді.


Әскерге 22 жастағы шақырылушы Әлібек Барлыбаев Қазақ технология және бизнес университетінің экономика және менеджмент факультетін бітірген.


Әскери комиссариатқа өзім келдім. Отан қорғаушысы болып, шекарада қызмет ететініме қуаныштымын. Әскерден кейін ҰҚК Шекара қызметі академиясына түсуді жоспарлап отырмын. Әскерде әрі қарай қызмет еткім келеді, – деп Әлібек өз бөлісті ол.


Әскери бөлімдерді жасақтау аумақтық және аумақтан тыс қағидат бойынша іске асырылады. Яғни әскерге шақырылушыларды бір өңірден екінші өңірге жіберуді көздейді. Әскерге шақырылушылар ҰҚК Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне қызмет етуге жіберіледі. Күзгі шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады.