Елімізде 1975 жылдан кейін туғандарға қосымша зейнетақы жарнасы төленбек
Астана қаласындағы БЖЗҚ филиалының директоры Мұрат Шәріп зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістерді атады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мұрат Шәріптің айтуынша, 1998 жылдан бастап бірыңғай зейнетақы қоры құрылғанын еске алды. Азаматтар зейнетақы шотына сол кезден бастап жалақысының 10%-ын салып отырған. Қазір 12 миллионнан астам шот ашылыпты.
“2021жылға дейін зейнетақы жинақтарын Ұлттық банк басқарды. Қазір нарықта жеке басқарушылар қызмет істей бастады. Сондықтан азаматтарымыз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін жеке басқарушы компанияларға аударып, инвестициялық табыстарын көбейтуге мүмкіндік алды. Бүгінде бұл қызметпен алты компания жұмыс істеп жатыр. Олардың инвестициялық табысы Ұлттық банктің инвестициялық табысынан жоғары. Кез келген азамат өзінің зейнетақы қорындағы жинаған ақшаның 50%-ын басқарушы компанияға бере алады. Бұның ең төменгі жеткілікті шекке қатысы жоқ. Жинақталған қаражатқа сол басқарушы компания өзі жауап береді. Бұған мемлекеттік кепілдік берілмейді”, – дейді ол.
Сонымен қатар, Мұрат Шәріп жұмыс берушілер 2024 жылдан бастап 1 қаңтарынан бастап 1975 жылдан кейінгі туған азаматтарға қосымша зейнетақы төлемін төлейтінін айтты.
“Өйткені бұған дейін туған азаматтардың 1998 жылға дейін жұмыс өтілі бар. Ал одан кейін туған азаматтарда өтіл жоқ. 2024 жылдан бастап шартты жинақтаушы жүйесі енгізілгелі жатыр. Жұмыс берушілер өздерінің қызметкерлеріне 1,5 пайыздан бастап бес пайызға дейінгі мөлшерде біртіндеп көтеріп, қосымша өтемақы төлейді. Бұл болашақ зейнеткерлерді қолдау ретінде енгізіліп жатыр. Тиімділігі – азаматтарымызға болашақта алатын зейнетақыларын көбейтуге мүмкіндік беру. Бұл зейнетақы төлемдері жекеменшік болып табылмайды. Жұмыс берушінің жұмысшыларына төлейтін міндетті төлемдерінің бірі. Әлеуметтік статусы мен жалақысына қарамайды”, – дейді ол.
Бұнымен қоса, Мұрат Шәріп алдағы уақытта зейнетақы жинағын пайдалану бойынша шектік мөлшер төмендетілмейтінін жеткізді.
“Жыл сайын шектік мөлшер көтеріліп отырады, бірақ төмендетілмейді. Өйткені ең төменгі жалақы және басқа да көрсеткіштер өсіп жатыр. Естіп жатсыздар, ақша жинамаған азаматтар болашақта зейнетақысыз қалуы мүмкін. Әрине базалық зейнетақы бар. Оның сомасы 24 мың теңге ғана. Сондықтан ерте бастан ақша жинауы керек. Бірақ бізде шешім қабылданды. Ақшасы белгілі бір деңгейге жетіп, жеткілікті шекке жеткендер ақшасын пайдала алады”, – дейді Шәріп.
Сондай-ақ БЖЗҚ диекторы қазір нарықта өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп жүрген азаматтардың көбі зейнетақы жарналарын уақытылы төлемейтінін немесе толық төлемейтінін сөз етті.
“Бұл – мәселе. Соған мұқият болуымыз керек. Әр азаматтың болашақ зейнетақысы өз қолында”, – дейді Мұрат Шәріп.