Ер адам балаларын ұрлық жасауға мәжбүрлеген
Уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі немқұрайлық танытқан шенеуніктерді жазалауды сұрады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәліметінше, ведомствоның Түркістан облысы бойынша өкілі бес баланың анасы, Жетісай ауданының тұрғынымен жеке кездесу өткізді.
Белгілі болғандай, әйел мен балалары жүйелі түрде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен. Келіншік өздері үнемі бір бөлмеге тығылып отыратынын, күйеуінің банк картасын пайдалануға рұқсат бермейтінін айтты. Отағасы барлық табысын ішімдікке жұмсап, балаларын ұрлық жасауға мәжбүрлейді екен.
"Қазіргі уақытта әйел мен оның балалары "Көмек" дағдарыс орталығына орналастырылды. Отырыс қорытындысы бойынша жергілікті уәкіл аудан мен ауыл әкімдіктері, полиция, Жетісай аудандық білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлерінің қатысуымен кеңес өткізіп, жиын барысында қатысушыларға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар тұрғындардың кез келген проблемасына бейжай қарамауға шақырды", – делінген баспасөз хабарламасында.
Шенеуніктердің немқұрайлы көзқарасы мен алдын алу шараларының болмауы көп балалы отбасының қазіргі жағдайына себеп болып отыр.
Бұл ретте омбудсменнің Түркістан облысы бойынша өкілі құқық бұзушылықтар үшін лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде құзырлы органдарға ұсыныс жолдады.