Жаңақорғандық тұрғын 30 жылдан бері торт пісіруді кәсіп етіп келеді
Жаңақорғандық тұрғын 30 жылдан бері торт пісіруді кәсіп етіп келеді, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Шағын және орта бизнес – мемлекеттің негізгі тірегі. Ал, бұл саланы дамытуға қолдау тетіктері шешілуі тиіс. Одан бөлек ынталылардың тәуекелі мен ерік-жігері де шешуші рол атқарады. Айтпағымыз, көзін тапқандарға үй жағдайында-ақ бизнесін дамытуға мүмкіндік көп. Сондай креативті бастаманы Жаңақорғандық азамат Нұрсұлтан Палуановтың ісінен көруге болады. Оның тәтті торттарын аудан халқы жоғары сұраныспен тұтынады. Кәсіптің көкжиегін осыдан 30 жыл бұрын қолға алып, бүгінде үлкен цехқа айналдырған.
Әрине, біздің менталитет еркек адамның ыдыс ұстап, тамақ дайын¬дағанына жатсына қарайды. Әйел – үйдегі, еркек – түздегі шаруаның иесі дейтін пікірді ұстанамыз. Алайда, әлемдік зерттеулерге сүйенсек, әйелдерге қарағанда ерлердің жасаған тағамдары мен кондитерлік өнімдері, торттар мен бәліштері ерекше дәмді болады. Оның дәлелі деп әлемдегі танымал әрі кәсіби кондитерлердің топ үздігін айта аламыз.
Ренат Агзамов – ресейлік жұлдыздардың сүйіктісіне айналған нөмірі бірінші кондитер. 400 тоннаға дейін торт жасайтын шебердің туындысы Гиннес рекордтар кітабына енгізілген. Біле білсеңіздер, «Әлемнің сегізінші кереметіне» баланған құны 179 мың долларлық торттың салмағы 2 тоннадан асады. Дәл осы торт көршілес Шымкент қаласындағы белгілі олигархтың тойында инстаграм желісі арқылы бүкіл әлемге танылған болатын. Ал, үздік кондитерлердің екінші қатарында укрианалық Динара Каско тұрса, франциялық Амори Гишон мен австралиялық Адриано Зумбо, америкалық Жейром Де Олейвераның да кондитерлік өніміне сұраныс жоғары.
Байқағандарыңыздай, кондитерлердің ішінде тек нәзікжандысы – Динара Каско. Өзгелері – ерлер. Бұдан аңғаратынымыз, әлемдік тәжірибеде ерлер дайындаған тәттілердің статусы жоғары. Біздің кейіпкеріміз Нұрсұлтан Нұрділлаұлы да танымал кондитерлер сынды табиғатынан сұлулыққа, әсемдікке, жаңа туынды дайындауға құштар.
Кейіпкердің торт жасаудағы тәсілі де ерекше. Заманауи дайын қоспаларды, кремдерді қолданбай, торт құрамын табиғи етіп, өзі дайындайтын Нұрсұлтан Палуанов мемлекет бөлген жеңілдіктерді өз игілігіне асырған. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында 1,5 млн. несие алып, кулинарлық шеберханасын қажетті құралмен, арнайы пештермен жабдықтаған. Бүгінде жары Айткүлмен бірге цехтың сәнін келтіріп, вупи-пай, қызыл бархат, қатпарлы, сүтті қыз, балқаймақ, висквитті торттардың түр-түрін дайындаудың қас шеберіне айналған.
Кейіпкеріміздің негізі азан шақырып қойған аты Нұрсұлтан аға болғанымен көпшілік Нурик көке деп біледі. Кондитерлік цехты кәсіп етеді. Бұ кісінің тортын көпшілік "Палуановтардың торты" деп атайды. Дәмді торт Қазақстан бойынша тек Жаңақорған да ғана дайындалады. Бұл дәмді тортты басқа қаладан таппайсың. Бренд кәдімгідей. Нұрсұлтан көкемнің айтуынша, рецептін сұрап серіктес болайық дейтіндер өте көп екен. Бірақ бермейді. Себебі, 30 жылдан бері осы ерекше тортты дайындап келе жатыр. Біздің де балалық шақтың дәмі ғой. Сол 20 жыл бұрынғы дәм, әлі сол. "Келешегі кондитерлік цехымды кеңейтіп жатсам,, әлгі әйгілі "Куликовский торты секілді "Нуриковский" тәттілері" деп атаймын дейді аспаз ағам. Кейде Жаңақорғанға туған күнге келіп, менің тортымнан дәм татқан қонақтар арнайылап үйге соғып алып кетіп жатады. Дәмі ерекше екен деп мақтап кетеді дейді. Қолыңыз дерт көрмесін ағасы!
Ол қайырымдылық шарасына да белсенді араласады. Әсіресе, «Жұмыспен қамту орталығында» ұйымдастырылған мазмұнды жиындарда тәттілерін тегін тарту етіп жүреді. Табыстың көзін тапқан Н.Палуанов төрт перзенттің әкесі, үш немеренің атасы. Бәрінен де маңыздысы, 88 жастан асқан Жұмаш анасының разылығын тауып отырған жүректі азамат.
«Үлкен адам болып қалу үшін әманда, үлкен арман керек екен адамға», – деп Мұхтар Шаханов жырлағандай, адамды алдыға жетелейтін негізгі күш – арман екен. Кәсіби қабілетін арманмен, тәуекелмен ұштастырған оның ендігі мақсаты – кондитерлік цехты көлемді демалыс орнына айналдыру. Яғни, тәттілер дүкені мен кафетерий қызметін қоса атқаратын ірі орталық ашу. Рас, мұндай халыққа қызмет көрсететін орындар біздің өлкеге қажет-ақ.