Оқушылардың ұлттық киім киіп келгені үшін мұғалімдер жанжал шығарған
Түркістан облысында мектептегі мұғалімдер оқушылардың көзінше жаға жыртыспақ болды. Педагогтар арасындағы жанжал Мақтаарал ауданындағы білім ошағында орын алған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Желіде тараған видеода мұғалімдер арасындағы дау-дамайдың ұл-қыздардың сабаққа ұлттық киім киіп келгенінен басталғаны айтылған.
Педагогтер өз араларындағы түсініспеушілікті осылайша шәкірттерінің алдында шешпек болған. Мәселені оқушылар алдында айтқан мұғалімдер соңында бірін бірі желкелеуге көшкен.
Кадрлардан педагогтардың төбелесуден тайынбай тұрғанын байқауға болады. Видеода ұстаздардың бірі оқушылардың ұлттық киіммен отыруына қарсы болды деп өзге әріптесін кінәлайды. Аталған жағдайға қатысты Түркістан облысының білім басқармасы комиссия құрып, тексерісті бастады. Әзірге білім ошағындағы дауға нақты не себеп және оқиғаны қашан болғаны белгісіз.