Жосалы кентінде абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентіндегі бірнеше нысанды аралады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Алдымен Т. Рысқұлов және Жолдыбаев көшелеріндегі абаттандыру жұмыстарының сапасын тексерсе, А. Құнанбаев көшесіндегі абаттандыру жұмыстары жүргізілетін орынды бақылады.
Бұл жұмыстар тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және кенттің көркін жақсарту мақсатында жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, Самара-Шымкент трассасының бойындағы саябақтың жағдайын көріп, саябақтағы демалыс орындарының, жаяу жүргінші жолдарының және балаларға арналған алаңдардың жағдайын көріп, саябақтың тұрғындар үшін маңызды демалыс орны екенін атап өтті.
Мұнан кейін Сырдария өзенінің бойынан салынған жағажайдың жұмысымен танысып, қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударуды тапсырды.
Аудан басшысы Ү. Томанов көшесінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын қарап, сапасы мен мерзімдерін тексерді. Сондай ақ, І.Мүсірбаев көшесі мен Жосалы — Жалағаш автожолының бойында жүргізілетін абаттандыру жұмыстарының орындарын да көрді. Бұл жұмыстар кенттің инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Аудан әкімі әр нысанды аралау барысында тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныстары мен тілектерін тыңдады. Жауапты тұлғалармен сөйлесіп, жұмыстардың уақытылы және сапалы орындалуын қатаң тапсырды.