2027 жылдан бастап декреттік төлем 770 мың теңгеге дейін есептеледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2027 жылдан бастап декреттік төлемді есептеуге алынатын айлық табыс шегі 770 мың теңгеге дейін өсетінін мәлімдеді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Министрліктің мәліметінше, төлем өзі үшін әлеуметтік аударым жасалған әйелдерге беріледі.
"Әйелдер жүктілік пен босануға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Қордан біржолғы әлеуметтік төлем ала алады. Әлеуметтік аударымды жұмыс беруші төлейді, ал жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындар оны өздері аударады. Төлем алу үшін жүктіліктің 30-аптасынан бастап берілетін еңбекке жарамсыздық парағын алу қажет. Қорға өтінішті осы құжат берілген күннен бастап 12 ай ішінде тапсыру керек", – делінген министрлік хабарламасында.
Төлем мөлшері әйелдің декретке шыққанға дейінгі соңғы 12 айда әлеуметтік аударым жасалған орташа табысына байланысты есептеледі. Бұл ретте айлық табыс ең төменгі жалақының жеті есесінен аспауы керек.
Министрліктің хабарлауынша, 2026 жылы есепке алынатын айлық табыстың шегі – 595 мың теңге. Бұл сома ең төменгі жалақының жеті есесіне тең. 2027 жылдан бастап ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге дейін өседі. Соған байланысты есепке алынатын табыстың шегі 770 мың теңгеге жетеді.
Декреттік демалыстың ұзақтығы да төлем мөлшеріне әсер етеді. Қалыпты босану кезінде еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнге, ал босану асқынып немесе егіз, үшем туған жағдайда 140 күнге беріледі.
Ведомство мәлімдегендей, қалыпты босану кезінде есептеуге 4,2 коэффициенті қолданылады. Босану асқынып немесе екі және одан көп бала туған жағдайда 4,67 коэффициенті есепке алынады. Ядролық сынақ аймақтарында тұратын әйелдер үшін жоғары коэффициенттер белгіленген. Босанғаннан кейін асқыну болып, қосымша 14 күнге еңбекке жарамсыздық парағы берілсе, Қор төлемді қайта есептейді.
Есептелген сомадан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Ал әйелдің нақты жалақысы есепке алынатын шектен жоғары болса, жұмыс беруші айырмасын қосып төлей алады. Бұл мүмкіндік еңбек немесе ұжымдық шартта қарастырылуы керек.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілгенге дейін жүктілік пен босануға байланысты төлемді жұмыс беруші төлейтін. Қазір төлемді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры береді.
2027 жылы жалақысы 700 мың теңге әйел қанша декреттік төлем алады?
Мәселен, әйелдің декретке шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы орташа айлық табысы 700 мың теңге болды делік. Бұл сома 2027 жылы есепке алынатын 770 мың теңгелік шектен аспайды. Қалыпты босану кезінде 4,2 коэффициенті қолданылады:
700 000 × 4,2 = 2 940 000 теңге.
Осы сомадан 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Соның нәтижесінде әйелдің қолына 2 646 000 теңге, яғни шамамен 2,65 миллион теңге түседі.
Ал әйелдің орташа айлық табысы 770 мың теңгеден жоғары болса да, төлем 2027 жылы белгіленген осы шек бойынша есептеледі. Қалыпты босану кезінде есеп мынадай болады:
770 000 × 4,2 = 3 234 000 теңге.
10 пайыз зейнетақы жарнасын шегергеннен кейін әйелдің қолына 2 910 600 теңге беріледі.
Босану асқынған немесе егіз, үшем туған жағдайда 4,67 коэффициенті қолданылады. Мұндай кезде еңбекке жарамсыздық парағы 126 күннің орнына 140 күнге беріледі. Орташа айлық табысы 770 мың теңге болған әйел үшін төлем былай есептеледі:
770 000 × 4,67 = 3 595 900 теңге.
Осы сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы ұсталған соң, әйелдің қолына 3 236 310 теңге, яғни шамамен 3,24 миллион теңге түседі.
Тағы да оқыңыздар

Қаз
Рус





