Қызылорда облысы Жалағаш ауданында 60 жобаға 35 млн теңге қаржы бөлінді
Қызылорда облысы Жалағаш ауданында «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 45 жұмыссыз тұрғынның жобасы мақұлданып, қаржылай қолдауға ие болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда бұл кәсіпкерлердің бірқатары сапалы өнім шығарып, халық сұранысына қарай жұмыс істеп жатыр.
Ауданда мемлекеттік бағдарлама арқылы жоба ұсынушылардың дені аграрлық өңірде мал шаруашылығын дамытқысы келеді. Дегенмен жоба қорғаушылар арасында аудан тұрғындарына қажетті кәсіпті қолға алуды көздегендерде жетерлік.
Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша комиссияның соңғы отырысында 15 жоба мақұлданып, оларға 9 млн теңге қаржы бөлінді. Жалпы комиссия мүшелеріне 30-ға жуық жоба ұсынылған болатын.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жобасын қорғаған ауданға қарасты Таң ауылының тұрғыны Нұрболат Жүсіпов мал шаруашылығын дамытуды көздейді.
Бүгінде кәсіпкердің мал шаруашылығын дамытуға арналған жобасы қаржылай қолдауға ие болды.
Кәсіп бастаушы алдағы уақытта мал басын көбейту мақсатында шағын несие алуды ойластырған. Келешекте де мемлекеттің қолдауына иек артатын кәсіпкер бүгінде ауыл ішінде де төрт түліктің барлық түріне, ет және сүт өнімдеріне сұраныс көп екенін айтты.
Мақұлданған жобалардың қатарында аудан тұрғыны Әділбек Ағыбайдың да жобасы бар. Жас кәсіпкер Жалағаш кентінен фастфуд, яғни тез дайындалатын тағам өнімдерін өндіруді қолға алады. Ол мемлекеттік бағдарлама бойынша 583 400 теңгені иеленді. Енді кәсіпкер өз ісіне қажетті құрал-жабдықтарды Алматы қаласынан әкеліп, жақын арада жеке асханасын ашып, кәсібін жүргізетін болады. Әділбек Ағыбайдың айтуынша, асханада 6-7 түрлі тез даярланатын тағам түрлері әзірленетін болады.
Биыл Жалағаш ауданы бойынша 60 жоба иесі қайтарымсыз қаржыға ие болған. Оларға мемлекет тарапынан 35 млн теңгеден астам қаржы үлестірілген. Ең бастысы қолдауға ие болған жобалардың біразы аудан халқына қызмет етіп, кәсіпкерлік көкжиегі дамып келеді. Бұл тек аудан тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып ғана қоймай, сондай-ақ аудандағы жұмыссыздық мәселесін шешуге атсалысуда.