Павлодарда ер адам зейнетке шыққан енесімен төбелесіп қалды

490
Павлодар қаласында ер адам енесімен төбелесіп қалды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл ақпаратты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растап отыр.

Аталған факті бойынша жанжалға қатысушы екеуіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1-бабына сәйкес іс қозғалғаны белгілі болды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 34 жастағы тұрғын полицияға қоңырау шалып, қайын енесі баласының қолын кесіп тастағанын айтып шағымданған.

"Шақыртуға шыққан учаскелік полиция инспекторы күйеу баласы енесінен балаларымен бірге отыруды өтінгенін анықтады. 67 жастағы зейнеткер немересіне сабақ қарауға көмектесу кезінде бала байқаусызда саусағын дәптердің шетіне кесіп алған. Үйге оралған күйеу баласы баланың саусағындағы қанды көріп, ашумен қайын енесіне наразылық білдіре бастаған. Туыстар арасындағы қарым-қатынасты нақтылау барысында ауызша жанжалдасып, төбелесіп қалған", - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама тағайындалған. Соның нәтижесінде тиісті шешім қабылданбақ.