Жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарау қажет
Қала әкімі Нұржан Ахатов облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралап, құрылыс алаңдарына барды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.
Алдымен оңтүстік өңірден қалаға кірер айналма көпір мен аспалы көпірдің арасын жалғайтын жолды жаңғыртудың жай-жапсарымен танысты. Төрт жолақты жол 8434 метр, жоба құны – 3 млрд 62 млн теңге. Жұмыс 6 айға жоспарланған. «УАД» ЖШС мамандары жұмыс талапқа сай жүргізіліп, тапсырма уақытылы орындалатынын жеткізді.
Мұнан кейін қала әкімі Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылының «Тасбөгет» плотинасымен түйісетін тұсындағы «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысына тоқтады. Көпірді «СЕРВИС НС» ЖШС жүргізуде. Ұзындығы – 47 метр, көлік жүретін бөлігінің ені – 7 метр және ол 2 жолақты болады. Оған 428 млн теңге қаржы бөлінген. Мекеме басшысы баяндағандай, жұмыс мерзімінде аяқталады. Көпір құрылысымен қатар, жаяу жүргіншілер жолы мен жарықшамдар орнатылады. Қала әкімі жауапты мекеме өкілдеріне алдағы уақытта жұмыс сапасының қатаң сұралатынын, уақыт жақындағандықтан бірнеше ауысыммен жұмыс істеу керектігін тапсырды.
Мұнан әрі шаһар басшысы Абай даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстарымен танысты. Бұл жұмысты «Ақнұр-Авто» ЖШС жүргізуде. Ұзындығы 6 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолы қыркүйек айында ел игілігіне берілмек.
Қаланың жол-көлік инфрақұрылымындағы жұмыстармен танысқан қала әкімі жүзеге асып жатқан жобалардың сапалы жүргізілуі мен белгіленген мерзімде аяқталуын қадағалауды жауапты орынбасары мен бөлім басшыларына тапсырды.
Айта кету керек, биыл қалада 96 көшеге күрделі, 34 көшеге орташа жөндеу жүргізілуде. Жаяу жүргінші жолдары да ретімен салынуда. Мәселен, биыл құны 2,3 млрд теңге болатын 54 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда. Оның ішінде қалада 40 , Тасбөгет кентінде 6, Белкөлде 1, Қарауылтөбеде 7 көше бар. Ал 81 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Оған 1,4 млрд теңге қаржы бөлінген.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ