ҚЫЗЫЛОРДА ӘКІМДІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ УЧАСКІЛІК ПОЛИЦЕЙДІҢ БЕЙНЕЖАЗБА ЖЕТОНЫН ЗАҢСЫЗ ТАҒЫП ЖҮР

5 509

видеодан скриншот. Сол жақта Абзал Рысбек, оң жақтағы полицей үлгі үшін алынғанҚызылорда қаласы әкімдігінің қызметкері учаскілік полицейдің портативті бейнежазба жетонын иемденіп, көпбалалы ананың үйіне барған әрекеті қоғамда шу тудыруда, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Полицейдің бейнежазба жетонын тағып жүретін әкімдік қызметкерін көріп пе едіңіз? Иә, бұл жағдай Қызылорда қаласында орын алды. 

Біздің ақпарат агенттігімізге қала тұрғыны сегіз баланың анасы, «Алтын Алқа» иесі Гүлбақыт есімді келіншек келген болатын. Ол Қызылорда қаласының әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің  басшысы тарапынан қысым көргендігін айтып шағымдануда. Мемлекеттік қызметкердің әрекетін қалыпты жағдай деп қарауға келмес, себебі Абзал Рысбек батыр анамен кездесуге учаскелік полицейдің бейнежазба жетонын тағып келген. Бұл жағдай қаншалықты құқықтық, этикалық және әлеуметтік тұрғыдан дұрыс екені белгісіз... 

Портативті бейнежазба жетоны – бұл полиция қызметкерінің жұмысында маңызды құрал болып табылады. Дегенмен сол құрал мемлекеттік қызметкердің қолында қайдан жүр? Ол құқық қорғаушының әрекетін тіркеп, азаматтардың құқығын қорғауға және құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған емес пе еді?  Бұл жетонның иесіне оның қызметтік міндетін атқаруда заңдылықты сақтау және әділдікті қамтамасыз ету міндеті жүктеледі. Өзіне жүктелген затқа «ие» болмағаны үшін  Қызылорда облыстық полиция басқармасы тарапынан учаскілік полицейдің заңсыз әрекетіне тексеру жұмыстары жүргізіліп, «қатаң сөгіс» алғаны да белгілі болды.


Жалғанды жалпағынан басуға еті үйренген шендінің әрекетіне Қызмет Істер агенттігі Абзал Рысбекті бұрын соңды сөгіс алмаған деп жаңылысқан көрінеді. Естеріңізге сала кетсек, жергілікті блогер Тәуекел Күзембаевты қабылдаған сәтінде Тұрғын үй инспекциясының басшысы Абзал Рысбек бей-әдеп әрекетімен бейнежазбаға түсіп, «сөгіс» алғанын көпшілік әлі ұмытқан жоқ. 

Бұрында сөгіс алған Абзал Рысбекке  Қызылорда қаласының жаңа әкімі Нұржан Ахатов қандай шара қолданатыны белгісіз. Қала әкімі көпбалалы ананың жанайқайына құлақ асып, заңсыздыққа әділ баға беріп, шара қолдана ма? Әлде қарамағындағы қызметкерінің әрекетіне көз жұма қарап, жылы жауып қояды ма? Жергілікті билікке деген халық наразылығы туындап тұрған шақта қала әкіміне ел зор сеніммен қарайды. Ал әкім сол сенімді ақтаса қанекей?