Қытайдан көлік алған қазақстандықтардың шоттары аяқ-асты бұғатталған
Қытайдан көлік алған қазақстандықтар шарасыз күйде. Қолжетімді көлік алған тұрғындардың шоттары аяқ-асты бұғаттала бастаған. Сөйтсе бір миллион теңге қарыз жазылыпты. Жүргізушілер тиісті төлемін толық өтеп, көліктерін заңды түрде кедендік тексерістен өткізіп қойған екен,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Нариман Сәндібек сәнді көлік сатып алып, сан соққандардың бірі. Жігіт супер-гибрид көлігін былтыр 7,5 миллион теңгеге Қытайдан тапқан. Құны қалтаны қақпайды, күйі де күмән туғызбайды. Осылайша, кедендік рәсімдеуден өткізіп, мемлекеттік нөмірін тағады. Бір жыл бойы қызығын көріп жүргенде аяқ-асты қиындыққа тап болады.
BYD Destroyer 05 көлігін сатып алып, тығырыққа тірелгендер көп. Сөздерінше, ел бойынша 5 мыңға жуықтайды. Олар қарыздың қайдан келгенін түсіне алмай дал. Себебі жеңілдікке ілігу үшін тиісті құжаттарды ұсынып, тексерістен өткен едік дейді.
“Біз біреуін ПКР-дің шешімін қабылдайтын арнайы маманға өткіземіз. Ол кісі көлікке отырады, жүреді. Бізден құжаттарын сұрайды. Біз бәрін өткіземіз. Олар бізге ПКР шығарып береді. ПКР шыққан күннен бастап біз оны кеденге нөлдік пошлинамен өткіземіз”, – деді Алматы тұрғыны Жасұлан Әбуғалиев.







