Көп жыл бойы алаяқтық жасаған ломбард басшысы тергеуге алынды

1 506

Фото:© Sputnik / Виталий АньковАқтөбе қаласында халықты бес жыл бойы алдаған ломбард басшысы тергеуге алынды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Күдікті 2020–2025 жылдар аралығында азаматтардан ұялы телефондар, теледидарлар, ойын приставкалары, фотоаппараттар және басқа да тұрмыстық техникаларды кепілге қабылдап, қарызға ақша берумен айналысқан. Алайда оның ломбард қызметін жүзеге асыруға тиісті лицензиясы болмаған. Уәкілетті органдардың назарынан тыс қалу мақсатында күдікті өз қызметін комиссиондық дүкен ретінде бүркемелеп жүргізген. Сонымен қатар ол қаржылай қиындыққа тап болған азаматтардың жағдайын пайдаланып, тәулігіне 3,7%-ға дейін жететін жоғары пайыздық мөлшерлеме белгілеген. Бұл қолданыстағы заңнамада белгіленген 0,3% шекті мөлшерден шамамен 12 есе жоғары. Алдын ала есеп бойынша, заңсыз қызметтен түскен табыс 93 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта сот санкциясымен күдіктінің үш автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған

"Мәселен, бір клиент 257 000 теңге көлемінде 10 күнге қарыз рәсімдеп, комиссия шарты бойынша 51 400 теңге (тәулігіне 2%) сыйақы төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден (0,3%) аспауға тиіс еді",- дейді агенттік мамандары.

Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды. Қосымша тергеу әрекеттері жүргізіліп, өзге де ықтимал заңбұзушылықтар тексеріліп жатыр.