Қызылордада әкімдік қалалық парк аумағын жалға алып табыс тауып отырған кәсіпкерлерге орнынан кетуді міндеттеген

1 362

Фото: видеодан скриншотҚызылордада қалалық парк аумағын жалға алып табыс тауып отырған кәсіпкерлер наразылық білдірді. Себебі әкімдіктіктегілер саябақты жаңғыртамыз деп он күнде сауда нүктелері мен аттракциондардарды жинап, орындарын босатуын талап еткен. Олар нәпақасыз қалудан қорқады, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.


Әлия Қалмаханова демалыс саябағындағы аумақты 12 жыл бұрын жалға алған. Қыруар қаражатқа картинг орнатып, биыл бассейн салған екен. Енді кәсіпкер табыс көзінен айырылуы мүмкін. Өйткені шенеуніктер орнын босатуды талап еткен.


“Биыл 10-12 миллион теңге ақша салдық. Бассейніміз бар. Оның үстіне бізде ұзақмерзімді келісімшартқа отырдық. Соған сеніп, несие алдық. Бизнесімізді кеңейттік. Енді соның бәрін бұзып алып кет дейді. Орын сұрасам, “біздің жоспарға кірмейсіз” дейді”, – деді қызылордалық кәсіпкер Әлия Қалмаханова.


Демалыс саябағындағы аттракциондар мен дәмханалардың көбі кәсіпкерлердің жеке қаражатына салынған. Енді әкімдіктегілер он күн ішінде бәрін жинап алып кетіңдер деп міндеттегені кәсіпкерлерді алаңдатып қойды. Сауда нүктелері мен аттракцион иелері саябаққа жаңғырту жүргізілетінін алдын ала айтса, несие алып, қарызға батпас едік деп қынжылады.


“Біз өз күшімізбен осы саябақты абаттандырдық. Саябақ әкімшілігі ештеңе істемейді. Бәрін кәсіпкерлер жасап отыр. Қаншама жылдан бері осы саябақта табыс тауып отырмыз. Бірақ бізге алғыс айтудың орнына бәрімізді далада қалдырмақ. Бұлай болмайды ғой”, – деді кәсіпкер Любовь Ким. 


Әкімдік өкілдері ескірген саябақ демеушілер есебінен жаңартылады дейді. Айтуларынша, кәсіпкерлерді ешкім далада қалдырмайды. Жобаға сәйкес келетін нысандар жұмысын жалғастыра береді.


“Бұл жобаны BI Group жасап жатыр. Бұл компания Қазақстанның біраз қалаларында, соңғы уақытта Шымкент пен Түркістанда жасады. Көрсеңіз, керемет жасалған. Жалпы осы концепциясын, жобаның сызбасын өзгертпей қалдыруға келетін болса, осы жұмысшы топпен қарастырып көрейік”, – деді Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев. 


Әкімнің орынбасары кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірі міндетті түрде ескеріледі деп сендіреді. Айтуынша, жобаға сәйкес келмейтін нысандардың иелеріне өзге саябақтардан орын берілмек.