Медицина қызметкерлері 61 жастағы ер адамды аяусыз соққыға жыққан
Әлеуметтік желіде Қостанай қаласындағы Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында болған оқиғаның бейнежазбасы жарияланды. Видеода орталық қызметкерлерінің бір пациентті асқан қатыгездікпен ұрып-соққаны көрінеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, жанжал ер адамның ғимарат ішінде шылым шегуінен басталған. Видеода бір қызметкер пациентті ұстап тұрғанда, екіншісі оның басына шылымын тигізіп, күйдіріп өшіргені байқалады. Ары қарай ер адамды жерге құлатып, аяусыз тепкілеген. Олар науқастың басынан теуіп, денесін ұрған.
Соққының салдарынан ер адам ауыр жарақат алды: бірнеше қабырғасы сынған және оң бүйрегі жыртылып кеткен. Дәрігерлер ағзаны алып тастауға мәжбүр болған.
Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл факт бойынша қылмыстық іс шілде айында қасақана ауыр дене жарақатын салу бабы бойынша тіркелгенін мәлімдеді.







