ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР ҚАПТАП ЖҮР

1 744
Қызылорда қаласында көше бойын қаптаған  иттердің қарасы азаяр емес. Шаһарымызды қаптаған бұралқы иттердің лаңы қалалықтардың мазасын алып отыр, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

Соңғы кезде иттің адамға шауып, қауып алу оқиғалары жиілеп кетті. Тіпті қаламыздағы аялдамаларды да паналап жатқан иттерді көріп жатамыз. Алайда, тұрғындардың наразылығын тыңдап, қаңғыбас иттерді аулаумен қалалық ветеринарлық стансасы айналысады. Бұрын бұндай қаңғыбас иттер арнайы мекеме жұмыскерлерімен жойылып азайтылып отыратын. Десек те,  бүгінгі күні қаңғыбас иттерді жоюға тыйым салынып, ит аулаушыларға мылтық алып жүруіне, елді-мекен ішінде қолдануына құзырлы органдар «Қаңтар оқиғасынан» кейін қатаң тыйым салған болатын. 


Бір жылда екі мәрте көбейетіндігін ескерсек қаңғыбас иттердің мектеп оқушыларын талау фактілері де жиі орын алып жатыр.  Облыстық ветенария бөлімінің берген мәліметі бойынша, 2021 жылдың өзінде 24 000 –нан астам ит ауланған, оның ішінде 10 000 бас иттің көзі жойылған болатын.  Ал 2022   жыл басынан бері 1300-ге жуық бұралқы иттің көзін құртқан. Бұл туралы:
 
«Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою» деген сөздер «жануарларды аулауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды ұйымдастыру» сөздерімен ауыстырылды. Сол себепті қазіргі кезде облыста қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жұмыстары тоқтатылды. Біз қазір аулау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Иттің мәселесіне қосымша қаржы қаралмаған. Табиғи жаратылысы бойынша жылына екі мәрте күшіктейтіндігі тағы бар. Оның үстіне арнайы иттердің қабылдау бөлімі де бізде қаралмаған. Енді біз үшін халық қауіпсіздігі басты орында. Аса қауіпті және шоғырлануы көп деген жерлерге шақыртумен барып аулау жұмыстары жүріп жатыр», - деді Қызылорда облысының ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Сұлтанбекұлы.
Қазіргі таңда қаладағы қаңғыбас иттер қаптап кеткені тұрғындарда үрей тудырып отыр. Тек жүрсе ештеңе емес, көлденең адамға шауып, қабатындары көбейді. Әсіресе, балалар үшін өте қауіпті.

«Енді қаңғыбас иттерді атуға тыйым салынды, олар өсіп-көбейіп, бара-бара қала халқының санынан асып кететін шығар. Жарайды, зияны болмаса біз ештеңе демес едік. Ол қаңғыбас иттердің денсаулығын қарап жатқан ешкім жоқ. Оларға ешкім тамақ бермейді. Ол иттер жыртқыш аң. Бұлай көбейе берсе, жалғыз-жарым жүрген бала-шағаны жейтін халге де жететін шығармыз»,- дейді қоғам белсендісі Алтынбек Жакупов.
 
«Үйлердің арасымен жүру қауіпті. Бос жүргендері тістеп алудан тайынбайды. Егер иелері болса, байлаулы болуы керек. Жіберсе де тұмсыққап кигізіп, жіберуі керек. Қасында адам болғаны дұрыс. Ал бұралқы иттерді ату керек», - дейді қала тұрғыны Дәмелі Бабаөмірқызы.

Алайда қызылордалықтардың бәрі бірдей бұл пікірді қоштамайды. Бастарына іс түспеген тұрғындар ит аулаушылардың ісіне қарсы болып, пікір білдірушілер де жоқ емес.

«Кей адамнан ит артық. Ит жеті қазынаның бірі. Неге жауызсыңдар? Өз нанын тауып жегені жазықты ма?»,- дейді Жанар.           

Біле білсек, жаңа ережеге сай иесі бар иттердің ветеринарлық төлқұжаты болуы шарт. Итті жеті қазына деп білетін жандар олар үшін жауапты екендіктерін жадынан шығармауы тиіс. Өйткені ит қашан да иттігін жасайды. 

АЙГЕРІМ РАХЫМЖАНҚЫЗЫ