Сырдария ауданының тұрғындары пластик бөтелке шығаруда
Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында жақында шағын өндіріс орталығы ашылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Аумағы 1 мың шаршы шақырымды құрайды. Бүгінде орталықта 13 кәсіпкер кәсібін жүргізуде. Орталықта кәсібін ашқан ауыл тұрғындарының бірі ерлі-зайыпты Жанат мен Мұхит Молдабаевтар.
Молдабаевтар отбасы кәсіп жүргізуден хабары бар жандар. Осы уақытқа дейін сауда-саттықпен айналысып келген. Бизнесте жинаған тәжірибесін пайдалана отырып, өнім өндіруге бет бұрады. Сауда-саттықпен айналысу барысында пластик бөтелкелерге сұраныстың жоғары екенін аңғарады. Өңірде бөтелке шығаратын бірлі-жарым кәсіпкер болмаса, нарықтың бос екенін анықтайды. Осылайша пластик бөтелкелер шығару жөнінде шешім қабылдайды.
Кәсіп иелері өндіріске қажет 12 млн теңгені «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген пайызбен алған.
Өнім шығаруға қажет құрал-жабдықтарды кәсіпкерлер Алматыдан алдырса, шикізатын Шымкентке тапсырыс беруде.
Жанұялық бизнес иелері кәсіпті әзірге өздері жүргізбек. Тапсырыс көлемі артқан жағдайда жаңа жұмыс орнын ашуды көздеуде.
Айта кету керек, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы - микроқаржы ұйымы. 10 жылдан бері аймақта кәсіпкерлік саласындағы жобаларды мемлекеттік бағдарлама аясында қаржыландырып келе жатыр. Бүгінгі күнге дейін орталық жалпы құны 14,6 млрд теңгені құрайтын кәсіпкерлік мақсаттағы 2739 жобаны қаржыландырды. 2953 жаңа жұмыс орны құрылды.