Қызылордада әйелін бөтелкемен ұрған полицей сотталды

1 319

Фото:gov.kzҚызылордада әйелін ұрып, суицид жасауға итермелеген полицей сотталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Іс Қызылорда қаласының №2 сотында қаралды.

Жәбірленуші азаматтық некедегі күйеуінің ұялы телефонына тіркелген абоненттік нөмірін алып, өзінің телефонына салып, сол кезде белгісіз әйелмен сөйлескенін оқып, қызғанышпен азаматтық некедегі күйеуіне смс-хаттарды көрсетіп, араларында жанжал туған.

Осы сәтте полицей жәбірленушіні балағаттап, жұлқылап, бірнеше рет аяусыз, аса қатыгездікпен ұрып-соғып, еденге құлатып, басынан шыны бөтелкемен ұрып, оның ұялы телефонын алып қойған.

Жәбірленуші өміріне қауіп төніп тұрғанын және әрі қарай өмір сүру мүмкіндігінен айырылып қалуын сезініп, азаматтық некедегі күйеуінің ұрып-соғу әрекеттерінен құтылу мақсатында қонақ бөлмедегі лоджиядан өз еркімен секірген. Салдарынан әйел адамның денсаулығына "ауыр" дәрежелі зиян келіп, І топ мүгедектігі тағайындалған.

Сот талқылауында сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамады. 2022 жылғы сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес жәбірленушінің денсаулығына «ауыр» дәрежедегі зиян, ал 2024 жылғы қосымша сараптама қорытындысына сәйкес, жеңіл дәрежедегі зиян келгені бекітілген.

Әйел адам материалдық шығын және моральдық зиян өндіруді сұраған.

Сот үкімі бойынша:

Сотталушы А. ҚК-нің 105-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде өтеуге белгіленді, ҚК-нің 49-бабы негізінде "майор" шенінен айырылды.

Азаматтық талап бойынша материалдық шығын 4 054 181 теңге және моральдық зиян 5 000 000 теңге өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.