"Құлап жатыр"

367
Түркістан облысындағы Қостөбе ауылының тұрғындары балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр. Себебі білім ұясының бір бөлігінің іргесі сөгіліп, құлаудың аз-ақ алдында тұр. 

Телеарнаның мәліметінше, ауыл тұрғындары жергілікті биліктен күрделі жөндеу жасауды талап еткенімен, мәселе шешілер емес. Бұл мектептің іргетасы он жыл бұрын қаланса да, қазір апатты жағдайда тұр

Тұрғындардың пайымдауынша, білім ошағы кез келген мезетте опырылып түсуі мүмкін.Сол себепті ата-аналар 1 қыркүйекте балаларын мектепке жіберуге қорқып отыр.
 
"Немере, бала-шағаларды жіберуге қорқамыз. Не болып жатыр, қандай болып жатыр деп қарап тұрамыз. Мұғалімдеріне, директорына "балаларды ол жаққа жібермеңдер, есікті құлыптап қойыңдар, қарайлаңдар" деп ескертіп отырамыз", - дейді Қостөбе ауылының тұрғыны Тастан Қуатбеков.

Телеарнаның дерегінше, ғимараттың қабырғалары әбден жарылып біткен. Сылақ жұмыстарының қашан басталатыны белгісіз. Одан қалды, едендері сынып, кафелі түсіп жатыр.
 
"Бір жылға жетпей, үш қабатты мектепті алты айда бітіріп берді. Қазір мектеп құлап жатыр", - дейді Қостөбе ауылының тұрғыны Жандос Құттымбетов.

 Төле би ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің маманы Пернебек Асановтың сөзінше, мектептің "Б" корпусы апатты жағдайда.

 "Нақтылап айтатын болсақ, асханасының едендері 25 см-ге дейін шөккен. Сонымен қатар, қабырғаларында 10 сантиметрге дейін жарылу байқалады. Сондай-ақ, бірінші қабаттағы еденнің топырағы отырып, салдарынан кафель-плиткалары жарылып, жарамсыз күйге түсуде", - дейді Пернебек Асанов.
 
Мамандардың айтуынша, мектепті қалпына келтіру үшін қаржы керек. Жобалық-сметалық құжаттарды дайындаудың өзіне 7 млн теңге қажет екен. Ал жөндеу жұмыстарына қанша қаражат керектігі беймәлім.