Жарық та, жылу да жоқ жаңа үй: мердігер мен әкімдік қайда қарап отыр?
Пайдалануға берілген жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындары үш айдан бері пәтерлеріне кіре алмай отыр. Наразылыққа себеп – үйлерде жарық пен жылудың жоқтығы, ал жеделсатының тек орны тұр,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алған Анар Кенжебекова әлі күнге дейін бала-шағасымен жалдамалы пәтерде тұруға мәжбүр.
"Міне, үш ай болды, баспанама кіре алмаймын. Жалға төлеп жүрмін, кредит және ипотека төлемін де жасаймын. Пәтер жалдауға 250 мың теңге төлеп отырмыз. Жылу да жоқ, жарық та жоқ, қиналып кеттік," – деді Анар.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің сыртқы көрінісі ғана толық, ал ішіндегі құрылыс жұмыстары әлі аяқталмаған. Жайлы тұрғын үй деп сатылғанымен, мердігер арзан және сапасыз материалдар қолданған. Сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары да бітпеген: қоршаулар, футбол алаңы және орындықтар тек жарнамалық суретте ғана көрініс тапқан.
Тұрғындар тек мердігерге ғана емес, бітпеген нысанды қабылдаған әкімдік өкілдеріне де өкпелі. Оқиға әлеуметтік желіде де қызу талқыланып, тұрғындар үйлердің сапасына және құрылыс саласындағы бақылаудың әлсіздігіне наразы.







