Қазақстан мен Сербия сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруды көздейді
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Белградқа жұмыс сапары барысында Сербияның мемлекеттік органдары мен іскер топтарының өкілдерімен кездесу өткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Қазақстанның EXPO-2027 көрмесіне қатысуы да күн тәртібінде болған. Сапар барысында 2024 жылы Мемлекет басшысының Сербияға ресми сапары және 2026 жылғы ақпанда Сербия Президенті Александр Вучичтің Астанаға сапары қорытындысы бойынша жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланған.
Сербия Премьер-министрінің орынбасары – Ішкі істер министрі Ивица Дачичпен кездесуде Қазақстан-Сербия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 4-отырысы хаттамасындағы келісімдерді іске асыру, комиссияның келесі отырысын өткізу және оның күн тәртібін қалыптастыру мәселелері қаралған.
Сербия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дамьян Йовичпен кездесуде өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасылды. Тараптар биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтіп, саяси ынтымақтастықты және халықаралық аренадағы өзара қолдауды одан әрі дамытуға дайын екендерін білдірді. Сербия тарапы Қазақстанның Сербияның аумақтық тұтастығын қолдайтыны үшін алғысын айтқан. Қазақстанның 2027 жылы Белградта өтетін EXPO-2027 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы Сербияның ішкі және сыртқы сауда министрі, көрме комиссары Ягода Лазаревичпен кездесуде талқыланды. Кездесуде Астананың EXPO-2017 көрмесінің инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану тәжірибесіне ерекше назар аударылды.![]()
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге және екіжақты байланыстарды кеңейтуге мүдделі екенін растады. Ягода Лазаревич Қазақстанның өңірлік логистикалық хабпен қатар, Еуропа мен Азия арасындағы жаһандық көпірге айналу бағытындағы трансформациясын атап өткен. Сербияның халықаралық экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі портфельсіз министрі Ненад Поповичпен кездесуде экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелері қаралған. Тараптар ядролық өнеркәсіп, тұқым шаруашылығы, жоғары білім, ғарыштық технологиялар, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын атап өтті.
Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен және Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің мүшелерімен кездесуде екі елдің іскер топтары арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланған.
Тағы да оқыңыздар







