Президент аппаратының алдына жиналған Ақнәр Хамит пен Мерлан Сананың анасын полиция ұстап әкетті

1 574

Фото: Коллаж  Stan.kzҚазақстандық заңгер Инга Иманбай жұмбақ жағдайда қаза тапқан жасөспірімдер Адель Ақанова, Сана Мерлан және Ақнәр Хамиттің аналарын полиция ұстап әкеткенін мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Балаларының өліміне байланысты әділ әрі тәуелсіз тергеу жүргізуді талап еткен аналар Президент Әкімшілігі ғимаратының маңына жиналған.

Заңгердің айтуынша, әйелдер Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұжымдық өтініш тапсыруды көздеген. Алайда олар ғимаратқа кіріп үлгермей, полиция тарапынан рұқсатсыз жиналды деген негізбен ұсталған. Инга Иманбай бұл әрекетті наразылық емес, Конституцияда көзделген Президентке жүгіну құқығын жүзеге асыру талпынысы деп бағалады.

Полицияның хабарлауынша, үш әйел рұқсат етілмеген жиын өткізді деген себеппен Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Оларға бейбіт жиындарды өткізу тәртібіне қатысты заң талаптары түсіндірілген.

Сондай-ақ полицияға өзін журналист ретінде таныстырған, бірақ құжаттарын көрсете алмаған ер адам да жеткізілген. Кейін оның жеке басы анықталып, босатылғаны хабарланды.

Кейінірек ұсталған ер адамның Ulysmedia порталының журналисі екені белгілі болды. Басылымның мәліметінше, журналист полиция бөлімшесінде екі сағаттан астам уақыт ұсталған. Осы уақыт ішінде оның телефоны алынған, байланысқа шығуына мүмкіндік берілмеген. Сондай-ақ полиция қызметкерлері түсірілім жасауға тыйым салып, түсініктеме жазуға мәжбүрлеген. Телефондағы фото және видео материалдар өшірілгеннен кейін журналист босатылған.