Қазақстандағы гендерлік саясат
«Әйелдер – отбасы тірегі, яғни – мемлекет тірегі. Біздің еліміздің болашағы біздің бүгінгі баланы тәрбиелеуімізге тікелей байланысты» деп Елбасымыз айтқандай, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналармыз қоғамды елестету мүмкін емес,- деп хабарлайды Opennews.kzакпарат агенттiгi.
Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Қазақстандағы ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп мәселелерді көтеріп жүр. Ал гендер дегеніміз не? Гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердің мінез құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын,олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдердің жиынтығы. «GENDER» - сөзі ағылшын тілінен аударғанда жыныс -еркек,әйел дегенді білдіреді.
Ал, гендерлік саясат –қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.
Гендерлік және отбасылық-демографиялық саясатты жүргізу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, Елбасы жарлығымен гендерлік саясат қабылданды. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстан әйелдерінің съезі нәзік жандылардың ел дамуындағы маңызды рөлін тағы да дәлелдеп, гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың одан әрі даму бағытын айқындай түсті.
Отбасы барлық кезде адами құндылықтар, ұрпақтардың мәдени және тарихи мұрасы сақталатын асыл ұя, қоғамның іргетасы саналып келеді. Елбасымыздың «Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзінің астарына үңілсек, тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алып, онда адамгершілік пен ізгіліктің негізі қаланатындығын сезінуге болады.
Жанұядан адамның өмірі басталады, осында ол азамат ретінде қалыптасады. Ендеше отбасы – бүкіл қоғамның арқауы ретінде келісім мен тұрақтылықтың нығаюына ықпал ететіндігін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Сондықтан да қай уақытта болмасын отбасының құрылымына зор мән беріліп, оның іргетасының берік болуына атсалысу – әр отбасы мүшесінің міндеті. Әсіресе ата-ана мен балалардың арасындағы қарым-қатынас ғана емес отбасындағы бақ-берекеге байланысты қарым-қатынастар белгілейді. Ең бастысы жанұяда әкенің биік орны, ананың кемеңгерлігі айрықша рөл атқарады. Бұл жерде отбасының тірегі-ер-азаматтың, әкенің рөлі ерекше маңызды. Ал отбасының ажары -әйел ең алдымен аналық жүрек жылуымен жаратылысқа жан береді, ошағының ұйытқысы-шаңырағының панасы болып табылады.
Жалпы әйел заты қазақ қоғамы үшін қазақ мемлекеті үшін қашанда ардақты саналған. Еліміздің де тең жартысы әйел қауымынан тұрады. Бүгінгі таңда әйелдер ошақ басындағы қазанның құлағында емес, денсаулық сақтау, ағартушылық жүйенің, мемлекеттік қызметтің, сондай-ақ, бизнестің де құлағын ұстағанына қарамастан отбасының жарасымдылығына көп үлес қосып отырғаны жасырын емес.
Отбасы - рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы мереке ретінде тарих бетінен орын алатындығына сенімдіміз.