Әйел Instagram-дағы жарнамаға алданып, 7 миллион теңгесінен айырылды

1 517

Фото: depositphotos.comБас прокуратура азаматтарға алаяқтықтың кең таралған схемасы туралы ескертті. Қаскөйлер жоқ жобаларға инвестиция салуды ұсынып, оларды жарнамалау үшін танымал адамдардың дипфейк-видеоларын пайдаланады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуетті құрбандарды тарту үшін қылмыскерлер TikTok, Instagram, YouTube сияқты танымал әлеуметтік желілер мен өзге де интернет-платформаларды пайдаланады. Онда олар атақты адамдардың дипфейк-видеоларын және аса жоғары пассивті табыс алуға уәде беретін жалған жасанды интеллект платформаларын жасайды.

"Мысалы, Михаил Ломтадземен Kaspi AI, Илон Маскпен Quantum AI, Павел Дуровпен TON, сондай-ақ "Хабар24", "КТК" немесе "Бірінші арна" телеарналарының танымал жаңалық жүргізушілерімен бірге "ҚазМұнайГазға" немесе "Газпромға" халықтық инвестициялар туралы ұсыныстар", - деп хабарлады қадағалау органы.

Бас прокуратураның мәліметінше, тек кейінгі бір жарым айдың ішінде еліміз бойынша осындай 119 дерек тіркелген.

Алаяқтардың құрығына түскендердің бірі Талдықорған тұрғыны болды. Әйел Instagram желісін қарап отырып, акцияларды сатып алу және сату арқылы аса жоғары пайда табуды ұсынған жарнаманы көрген. Жәбірленуші сілтемеге өтіп, өзінің жеке және байланыс деректерін көрсете отырып, өтінім қалдырған.

"Кейін жәбірленушімен қаскөйлер байланысқа шыққан. Олардың нұсқауларын орындаған ол үшінші тұлғалардың шоттарына 7 млн теңгеден астам ақша аударған. Бұл ретте ол аударған ақшалай қаражат және болжамды дивидендтер жалған әмиянда көрсетілген, алайда алаяқтар олардың қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкіндігін бермеген. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Бас прокуратура.

Бас прокуратура алаяқтардың құрбаны болмау үшін қазақстандықтарды қырағылық танытуға, жоғары табысқа кепілдік беретін ұсыныстарға сенбеуге және инвестициялау деген сылтаумен белгісіз адамдарға ақша аудармауға шақырады. Қаржы салмас бұрын компания мен ұсынылып отырған инвестициялық жоба туралы ақпаратты өз бетінше тексеру қажет. Күдікті хабарламалар немесе қоңыраулар түскен жағдайда, бейтаныс адамдармен әңгімені тоқтатып, оларға банк карталарының деректерін, SMS арқылы келетін кодтарды және ақшаға қол жеткізуге мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді хабарламаған жөн.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.