Масленица – көктем мерекесі
Қызылордада «Масленица» мерекесі аталып өтті, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.
Сенбі күні Достық үйінің жанындағы алаңда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған дәстүрлі «Широкая Масленица» мерекесі өтті.
Мерекелік іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Масленица – бұл қысты шығарып салып, көктемді қарсы алып, бір апта бойы тойланатын мереке. Әр күнді мерекелеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Апта бойына бір-бірінің реніштерін ұмытып, кешірімді болуға шақырады.
Мерекелік шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов пен «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығының жетекшісі Галина Щербакова қатысушыларды Масленицамен шын жүректен құттықтап, өңірде халық бірлігі, достық пен жылы шырайлы, бейбіт аспан, келісім мағынасын қамтитын түрлі этностар өкілдерінің мерекелері жыл сайын атап өтілетінін алға тартты.
Сондай-ақ, «Славяне» орталығының белсенділері мен орталықпен жұмыс істейтін мектептер ұсынған славян тағамдарының көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда әрбір ниет білдіруші бәліштердің, Масленицаға арналған дәстүрлі тағам – құймақты ыстық шәймен дәмін татып көрді.
Мереке «Сударушки», «Надежда» вокалдық топтарының және солистерінің орындауындағы көңілді әндермен, «Жемчужинка» ұжымы мен «Анар Бэби» балаларды дамыту орталығы, музыкалық колледжінің орындауындағы әсерлі билермен жалғасты. Мереке барысында көңілді байқаулар өткізілді. Ең тәтті әзірленген кесек нанға, құймаққа, ерекше тақпаққа, әдемі кестеленген орамалға және спорт жарыстарына барлық ниет білдірушілер – ересектер де, балалар да қатысты.