Қазақстан 15-17 жастағылардың суицид жасауы бойынша ондыққа енеді – сенатор

331
Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйене отырып, кейінгі бес жылда Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау деңгейі бойынша, оның ішінде 15-17 жас аралығындағы топта әлем елдерінің ондығына кіретінін айтады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

"Ғалымдар мен сарапшылардың соңғы зерттеу қорытындыларына қарағанда, жасөспірімдердің 17 пайызы мектепте айына бір немесе бірнеше рет қысымға ұшырайды екен. Үйден тыс жерде зәбір көріп, оны ата-анасынан, мұғалімінен жасырып, өз проблемасымен жеке қалған бала ауыр психологиялық дағдарысқа ұшырап, стрестік жағдайды бастан кешеді және оның соңы орны толмас жағдайларға соқтырып жүр. Суицидиалдық мінез-құлықтың этиологиясында жалпы пайдаланудағы телекоммуникациялық-ақпараттық жүйелерде өзіне-өзі қол жұмсауды насихаттап, балаларды суицидке итермелеу ақпараттарының тыйылмай орналасуының барған сайын негізгі роль ойнап отырғаны алаңдатады",- деді деуптат.

"Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгеру енгізіп, білім беру ұйымының басшысы білім беру процесіне қатысушыға байланысты буллинг/кибербуллинг жағдайлары туралы уәкілетті органдарға хабарламағаны үшін жауапкершілік енгізу қажет. Мектептерде оқушылардың өзара жанжалдасуы мен текетіресінің, басқа да құқық бұзушылықтың алдын-алу үшін әлеуметтік оңалту мен татуластыру қызметтерін құру маңызды",- деді депутат.