Қызылордалықтар "Мұз айдынының" жұмысына наразылық білдіруде

263
Қызылордадағы "Мұз айдыны" кешенінің тозығы жеткен конькилерінен жағымсыз иіс шығып, келушілер аяқтарына пакет киіп сырғанауда, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.



Қызылордалықтар негізінен күз бен қыс мезгілінде  "Мұз айдыны" кешеніне келіп, коньки тебеді. Спорттық кешенде балалар мен жасөспірімдерге арналған үйірмелер де бар. Коньки тебуді үйренемін дегендерге жаттықтырушылар қызмет көрсетуге әзір. Алайда соңғы уақытта жергілікті тұрғындар "Мұз айдынының" жұмысына жиі сын айтып жүр.

Балаларымды қысқы каникул кезінде апарған болатынмын. Біріншіден, ұзақ уақыт кезек күтуге мәжбүр болдық. Әрең дегенде кезегіміз келгенде, конькилерінің түрінен шошынып кеттік. Жағымсыз иіс шығады, оған қоса жыртылған. Қызметкерінен ауыстырып беруін сұраған едік, өтінішімізге қүлақ аспады. Балаларымның аяғына алдымен пакет кигіздім, сосын барып коньки киді. Көңіл күйіміз бұзылды. Ақшасын төлеп қойғаннан кейін амалсыз кірдік,  – дейді Ләззат есімді қала тұрғыны.

Орталықта келушілерге ешқандай қолайлы жағдай жасалмаған. Коньки киіп-шешетін жер өте тар. Өзіннің аяқ киіміңді қайда қоятынынды білмей қаласың. Қызметкерлері тым дөрекі. Анда-санда коньки тебуге барамыз, соңғы рет мүлдем кірмей кеттік. Шынымды айтсам, конькилерін киюге жиіркенесің, түк сапасы жоқ, – деп пікірін білдірді Ақмарал есімді тағы бір қала тұрғыны.

"Мұз айдыны" кешенінің басшылығы конькидің сапасына қатысты проблеманың барын жоққа шығарып отырған жоқ. 2021 жылы жаңадан 100 коньки алынған екен. Ал өткен жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы негізінде алынған конькилердің сапасы өте нашар болған екен. Биыл кешеннің материалдық-техникалық базасын толықтыру көзделіп отыр.



Өткен жылы жеке кәсіпкер жеткізген конькилердің сапасы өте төмен болды, сәйкесінше бағасы да арзан еді. Осыдан біршама уақыт бұрын ҚР Мемлекеттік сатып алу заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын конкурс жариялаған кезде біз конькидің қандай фирмадан болуы керек екенін көрсететінбіз, кейін ол бөлік алынып тасталды. Кейбір кезде кәсіпкерлер бізге сапасы мүлдем нашар, киілген конькилер әкеледі. Біздің мамандар қабылдаудан бас тартады. Оның үстіне сырғанауға келген тұрғындар конькиді ұқыпты кимейді. Биыл жаңадан 100 коньки алуды жоспарлап отырмыз, –  деп мәлімдеді "Мұз айдыны" кешені директорының міндетін атқарушы Николай Некрасов.