Дәрігер ұшақта қазақстандық жүкті әйел мен баланы құтқарып қалды
1 514
Астана-Орал бағытында ұшақ бортында қазақстандық дәрігер жүкті әйел мен оның сәбиін аман алып қалған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz порталына сілтеме жасап.
Хирург Таубай Байжекенов Threads желісінде болған оқиға туралы өзі жазды.
“Кеше Астана-Орал рейсінде ерекше жағдай болды. Ұшу кезінде жүкті әйелдің толғағы басталып, шұғыл түрде алғашқы медициналық көмек көрсетуге тура келді. Дәрігер ретінде мұндай сәттерде сабыр сақтап, барлық білім мен тәжірибені дұрыс қолдану өте маңызды. Дүниеге ұл бала келді. Алла қаласа, ол өсіп, алғашқы қадамдарын жасап, өмірде өз жолын табады. Барлығы сәтті аяқталды. Осындай сәттер менің мамандығымның қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін еске салады”, – деп жазды ол.
Таубайдың айтуынша, бала ұшақта дүниеге келмеген.
“Әйел ұшақ бортында толғатқан жоқ, толғақ тоқтап қалды. Әйел жүктіліктің 27 аптасында екен. Оның қосымша сырқаты бар еді, оның үстіне қан кетті. Сондықтан ұшақ шұғыл қонды. Әйел жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Кейін оның ұл бала босанғаны белгілі болды”, – деп дәрігер пікірлерде хабарлады.
FlyArystan әуе компаниясының экипажы әйелге көрсеткен көмегі үшін оған алғыс білдірді.







