Білім министрінің 1 қыркүйекке дейін даладағы дәретханалар жойылады деген уәдесі орындалмады
383
Бірінші қыркүйекке дейін даладағы дәретханаларды жойып, мәселені толық шешеміз деген білім министрі Асхат Аймағамбетовтың мақсаты орындалмай қалды. Себебі оқушылары далаға шығып жүрген мектептер әлі аз емес. Оған әлі де сыртқа сұранып жүрген оқушылар дәлел. Әсіресе, Алматы, Түркістан және Қызылорда облысының бірқатар мектебінде жағдай мүлдем жасалмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандағы 100 мектепте әлі жылы дәретхана жоқ және оны бірінші қыркүйекке дейін шешеміз деген Асхат Аймағамбетовтың тапсырмасы Қызылорда облысында орындалмай тұр. Шиелі ауданындағы № 48 мектептің балалары әлі күнге даладағы әжетханаға баруға мәжбүр. Бірақ білім ұясының басшысы мектеп ішіне әжетхана орнатылған және балаларға сонда баруға болады дейді.Әжетхана мәселесі Түркістан облысында да өзекті. Мұнда 38 мектепте ішкі дәретханасы жоқ. Мәселен жаңадан құрылған Сауран ауданындағы 6 мектепті айтпағанда, осы проблема облыс орталығы Түркістан қаласының 7 мектебінде де бар. Мамандар облыстағы қырыққа жуық білім ошағының жайы қыркүйектің аяғында шешіледі деп сендірді. Ал Жетісайдағы мына мектепте де оқушылар сырттағы әжетханаға барып жүр.
“Келісімшарт бойынша осы аптаның соңына, он екісіне жоспарланған. Енді сатып алу порталы әр кезде жүргізілді. Бірақ келісімшарттың мерзімі әртүрлі болғандықтан осы аптаның соңына дейін мердігер мекемелер бітіреміз деп айтып жатыр ”, – дейді Жетісай аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Асқар Тәтеев.
Білім министрінің уәдесі әзірге қашан орындалары белгісіз. Сондықтан ауыл балаларына қақаған қыста да сырттағы дәретхананы пайдалануға тура келетін сыңайлы.