Жапон елшісін дұрыс отырғызбаған Гүлшара Әбдіхалықованың басы дауға қалды

747

Жаңақорғанда іс-сапарда жүрген кезінде жергілікті тұрғыннан сөз естіген Гүлшара Әбдіхалықованың басы тағы дауға қалды- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.  

Бұл жолы Қызылорда облысының әкімі Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямаданді протоколға сәйкес қарсы алмапты. Білім беру және экология саласын талқылауға келген елшімен Әбдіхалықова бір үстелдің басында бір-біріне қарама-қарсы отырмаған. Әкім өзі төрге шығып, қонақты сол жағына жайғастырыпты. Ресми кездесудің бұл форматын аудан басшысы дәл осылай қайталапты.

Облыс пен аудан әкімдері протоколға сәйкес инвесторлармен неге бір-біріне қарама-қарсы отырып, келіссөз жүргізбегендерін түсіндіріп бере алмады.

“Шақыртумен келген қонақ болғаннан кейін, қарама-қарсы отырып қарсы алу керек. Ал бұлар құдды ауданның әкімін қабылдап отырғандай болды. Ол кісі сол жағында төмен жағында отыр да, оң жаққа өзінің орынбасары, жауапты адамдарын отырғызып қойып, өзі жоғары отыр. Сол Жапонияның президенті сияқты елшіні қабылдап отырған”, – дейді қоғам белсендісі Ғани Әлиев. 

“Енді осы күнге дейін бізге инвестиция қажет деп еді, сол инвестицияны құюға келген Жапония деген алпауыт ел ғой енді. Сол Жапонияның азаматтарына құрметті көрсетпеу ол түбегейлі қазақ еліне сын болды деп есептелінеді. Гүлшара Наушанқызы өзі мемлекеттік қызметте жұмыс жасаған. Ол бұған дейін де азаматтармен қарым-қатынас жасаған тұлға”, – дейді қоғам белсендісі Ләззат Бақтыбаева.

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов те бұған дейін өзі осындай жауапты жұмыстарды қадағалап жүретін Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекшісі болған. Жергілікті басшылардың инвесторларды осылай қабылдап жүргенін екі жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев та сынға алған еді. Сол кезде мемлекет басшысы әкімдер қомақты қаржы құюға келген шетелдік инвесторларды тартуға құлықсыз кейіп танытып отыратындықтарын баса айтқан болатын. 

Ал елшіні осындай құрметпен қарсы алуды аудандық әкімдік алдымен облыста өткен кездесуге қарап өздері де жиынды осындай форматта ұйымдастыра салғандарын айтты.