Анасы алимент өндіру үшін қызын сотқа берген

1 509

Фото:© Gemini арқылы жасалғанҚостанай облысында әйел еңбекке жарамсыз ата-ананы асырау үшін алимент өндіру туралы талаппен өз қызын сотқа берген,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қостанай облыстық сотының мәліметінше, Лисаков қалалық сотында II топтағы мүгедек талапкер ананың өз қызынан алимент өндіру туралы азаматтық ісі қаралған. Талапкер сотқа жүгінген, қызынан ай сайын 40 АЕК мөлшерінде алимент өндіруді сұраған. 2026 жылы бұл сома 173 000 теңгені құраған. Әйел өз талабын емделуге, азық-түлікке және коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды өтеу үшін материалдық көмек қажет болғанымен түсіндірген. Мүгедектік бойынша алатын жәрдемақысының бұл қажеттіліктерді толық өтеуге жеткіліксіз екенін атап өткен. Ал жауапкер талаппен келіспеген, анасының ата-ана ретіндегі міндеттерін орындамағанын және алкогольдік ішімдіктерді шамадан тыс пайдаланғанын мәлімдеген. Соның салдарынан өзінің туыстарының отбасында тәрбиеленгенін айтқан.

Сот "Неке және отбасы туралы" кодекстің 145-бабына сәйкес, еңбекке қабілетті кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті екенін атап өткен. Сот талапкердің ауыр науқасы бар екенін растайтын медициналық құжаттарды, оның көмекке мұқтаж болғанын, сондай-ақ ай сайынғы жәрдемақының аз мөлшерін ескерген. Осыған байланысты талап ішінара қанағаттандырылған. Анасын асырауға арналған алимент жауапкердің табысы мен жасын ескере отырып, оның қаржылық мүмкіндігіне сәйкес 4 АЕК мөлшерінде, яғни 17 300 теңге көлемінде өндірілген. Соттың шешімі заңды күшіне енген.