Қорғаныс министрлігі Тараз маңындағы жарылыста жоғалып кеткен сарбаз туралы айтты
522
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов Тараздағы жарылыстан кейін хабар-ошарсыз жоғалып кеткен 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаевты іздеу жұмыстары жайлы пікір білдірді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, қазіргі таңда әлі де тергеу шаралары жалғасуда.
Журналист бір сержантты іздеу неге сонша ұзаққа созылғанын сұрады. Тұяқов оқиға орнын әлі де зерделеп қарау керектігін айтты.
"Сізбен келісемін. Іздеу шараларының жүріп жатқанына ұзақ уақыт болды. Бұны түсініп, жете зерттеу керек. Оқиға орнына барып, мәселенің басын ашуға тиіспіз. Негізінен біз үнемі іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жұмыстар жайлы айтып жатқан жоқпыз. Бірақ өте үлкен және ауыр жұмыстар жүріп жатыр", - деді ол.
Әскери адамның “қашып кетуі немесе жарылыста тұтастай жанып кетуі мүмкін бе” деген сұраққа Дарын Тұяқов “мүмкін емес” деп жауап берді.
"Бұндай жағдайдың болуы екіталай. Жарылыс кезінде көз жұмса денесінің бөліктері табылуы керек", - деп жауап берді қорғаныс министрінің орынбасары.
26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймаларының бірінде өрт басталып, артынша оқ-дәрі жарылды. Кем дегенде 10 жарылыс болған.
Төтенше жағдайдан 17 адам қаза тапты. Бір адам хабар-ошарсыз кеткен еді. 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев әскери бөлімде қызмет еткен.
Оқиғадан кейін қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды.