Балағат сөз айтқан мемлекеттік қызметші қатаң сөгіс алды

1 525

Фото: KazinformБатыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу деректері қаралған Әдеп кеңесінің отырысында бірнеше тәртіптік іс бойынша шешім шығарылды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Бәйтерек ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Баяхатов қабылдауына келген азаматпен сөйлесу барысында балағат сөз айтқаны үшін жауапқа тартылды. Тұрғын бұл сәтті ұялы телефонға жазып алып, шағым түсірген.

А.Баяхатов өз қателігін мойындап, кешірім сұраған. Ол мұндай әрекетке жұмыстың көптігін себеп қылып көрсеткен. Дегенмен, департамент басшысы әрі Әдеп кеңесінің төрағасы Мұрат Байсалов бұл жағдай мемлекеттік қызметшіге әдеп нормаларын бұзуға себеп бола алмайтынын атап өтті. Кеңес мүшелері Баяхатовқа қатаң сөгіс түріндегі жаза қолдануды ұсынды.

Сондай-ақ  Бөрлі ауданы Пугачев ауылдық округінің әкімі Мереке Ізтелеуов те әдеп нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік жаза алды. Оқиға несие төлемеген қызметкерді іздеу барысында болған. Әкім қызметкердің анасы мен әпкесіне хабарласу кезінде «почти как аферист» деген сөз айтып қойған. Кейін ол да кешірім сұрап, қателігін мойындады. Әдеп кеңесі Ізтелеуовке ескерту түріндегі жаза тағайындауды жөн деп тапты. 

Жалпы, Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 18 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған.