Айыппұлмен келіспеген жүргізуші 10 күнде қайта шағымдану керек

1 506

Фото: Opennews.kz ЖИКамера қате танып, жүргізушіге телефон қолданды немесе қауіпсіздік белдігін тақпады деген түрлі себептермен айыппұл салуы мүмкін бе? Қазақстанда жүргізушілер осындай түрлі тосын жағдайларға тап болып, салынған айыппұлмен келіспей жатады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Камера қателессе, айыппұлды кім төлейді?
Кейде камера жүргізушінің әрекетін дұрыс танымай, қате айыппұл тіркеп жатады. Мәселен, қазақстандық жүргізушіге көлік басқару кезінде телефон қолданды деген айыппұл келген. Алайда айыппұлға тіркелген суреттен ұялы телефон көрінбейді. Жүргізушінің айтуынша, ол тек қолын құлағына жақын ұстап отырған. Камера осы қимылды телефон пайдалану деп қабылдаған болуы мүмкін. Кейін ол 10 АЕК, яғни 43 250 теңге айыппұлға шағымданды.Тағы бір жағдайда Алматыда камера көліктің алдыңғы орындығындағы үлкен ақ сөмкені жолаушы деп қабылдап, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін айыппұл тіркеген. Көлік иесінің айтуынша, салонда ешқандай жолаушы болмаған, тек жеке заттары жатқан. Алайда полиция бұл пікірмен келіспеді. Ведомствоның мәліметінше, толық бейнежазбада жүргізушінің өзі қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізгені анықталған.Ал Жамбыл облысында жүргізушінің мемлекеттік нөміріне қатысты жағдай тіпті сотқа дейін жеткен. Volvo жүк көлігінің нөміріндегі "Е" әрпі кішкентай қағазбен жабылып, сырт көзге "F" әрпіне ұқсап қалған. Жүргізуші қағазды өзі байқамағанын, оны туысы әзілдеп жапсырып қойғанын айтқан. Соған қарамастан, сот оны кінәлі деп танып, үш тәулікке әкімшілік қамауға алып, бір жылға көлік басқару құқығынан айырды.

Бұл жүргізушілер тап болған осындай жағдайлардың тек бірнеше мысалы. Елімізде камера немесе өзге де жол бақылау жүйелері тіркеген айыппұлға қатысты даулы жағдайлар бұдан да көп. Мұндай кезде жүргізуші өз құқығын қалай қорғай алады және қате деп есептеген айыппұлға қайда шағымдануы керек?

Айыппұл қате келсе, оны қалай жоюға болады?

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, камера тіркеген айыппұлмен келіспеген жүргізуші оны даулауға құқылы. Яғни камера қателесті деп ойласаңыз, айыппұлды бірден төлеп қоймай, алдымен оның қалай және не үшін салынғанын тексеруге болады.

Егер жүргізуші камера айыппұлды қате тіркеді деп есептесе, ол алдымен істің материалдарын тексере алады. Ол үшін Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің qamqor.gov.kz сайтындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді көруге арналған "ЕРАП-тың жария секторы" сервисіне кіру қажет. Бұл жерде жүргізуші өзіне салынған айыппұл туралы ақпаратты, сондай-ақ құқық бұзушылықты тіркеген фото және бейнематериалдарды көре алады.

Министрліктің мәліметінше, камера арқылы тіркелген құқық бұзушылық үшін жауапкершілік әдетте көлік иесіне жүктеледі. Бірақ сол кезде көлікті басқа адам басқарған болса, иесі нақты жүргізушінің деректерін ұсынуға құқылы.

Тағы бір маңызды жайт – бір құқық бұзушылық үшін екі рет айыппұл салынбауы керек. Егер жүргізуші бір ғана жағдай бойынша бірнеше айыппұл келгенін байқаса, олардың заңдылығына шағымдана алады.

Шағым бергеннен кейін не болады?

Айыппұлмен келіспеген жүргізуші шағымын жай ғана жазып қоймай, оған дәлелдерін қоса алады. Мысалы, камера түсірген фото немесе бейне құқық бұзушылықты растамаса, осы материалдарды шағымға тіркеуге болады. Қазір мұны Qamqor.gov.kz арқылы онлайн жасауға мүмкіндік бар: жүйеден әкімшілік істі тауып, шағымның себебін жазып, қажетті құжаттар мен дәлелдерді тіркеп, өтінішті электронды түрде жіберуге болады.

Ал шағым қаралып, жүргізушінің уәжі негізді деп танылса, қаулының күші жойылуы мүмкін. Сондықтан камера түсірген кадрға күмән туған жағдайда, "бәрібір камера түсірді ғой" деп бірден келісе салмай, істің материалдарын қарап, өз дәлеліңді көрсетуге болады. 

Айыппұлға шағымдануға 10 тәулік қана уақыт беріледі. Бұл мерзім қаулының көшірмесі алынған немесе табыс етілген күннен бастап есептеледі. Сондықтан айыппұлмен келіспеген жағдайда, оны кейінге қалдырмай, белгіленген мерзім ішінде шағым берген дұрыс.Айыппұлды төлеп қойған болсаңыз да үміт үзбеңіз. Егер кейін қаулының күші жойылып, айыппұлдың қате салынғаны анықталса, төленген ақша қайтарылуы мүмкін. Ол үшін тиісті мемлекеттік органға белгіленген тәртіппен жүгіну қажет.

Яғни камера түсірген айыппұлмен келіспесеңіз, оны жай ғана төлеуге асықпай, алдымен фото-видеоны қарап, айыппұлдың негізін тексеріп, қажет болса 10 тәулік ішінде шағымдануға болады.

50 пайыздық жеңілдікті таңдасаңыз, шағымдана алмайсыз

Айыппұл келгенде кей жүргізуші оны тезірек жауып, 50 пайызын ғана төлеп құтылуды ойлайды. Яғни сол арқылы жеңілдікті пайдаланғысы келеді. Алайда мұнда бір маңызды нюанс бар. Мемлекеттік органдардың түсіндіруінше, жеңілдікпен төлеу үшін жүргізуші құқық бұзушылықты мойындап, ұсынылған дәлелдерге шағымданбауы керек. Яғни камера қате түсірді деп есептесеңіз, айыппұлдың жартысын төлеп қоймас бұрын алдымен оның материалдарын тексеріп алған жөн. 

Камера түсірген айыппұл бойынша 50 пайыздық жеңілдікті пайдалану мерзімі де шектеулі. Ол – 7 тәулік. Бұл ретте есептеу айыппұл тіркелген күннен емес, келесі күннен басталады. Ал демалыс және мереке күндері есепке алынбайды. 

Тағы бір ескеретіні SMS келген күн айыппұлдың ресми түрде табыс етілген күні болып саналмайды. ІІМ мәліметінше, SMS тек айыппұл туралы хабар береді. Ал 50 пайыздық жеңілдік мерзімі айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама тиісті түрде табыс етілгеннен кейін есептеледі. Сондықтан камерадан келген айыппұлға күмәніңіз болса, алдымен фото-видеоны қарап, содан кейін ғана төлеу немесе шағымдану туралы шешім қабылдаған дұрыс.  

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.