Еңбек қауіпсіздігі және туристерге қолайлы жағдай жасау мәселесі қаралды
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Күн тәртібінде еңбек қауіпсіздігін сақтау және еңбек саласын цифрландыру, туристерге қолайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан соң аймақ басшысының төрағалығымен өткен мәжілісте жұмысшылардың құқықтарын қорғауға, шетел азаматтарының елде болу кезіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты тапсырмалар жүктелді.
Шетел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде туристік полиция бөлімшесін ашу мүмкіндігін зерделеу керек. Өңірге келуші туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру, қонақүй, мейрамхана бизнесіндегі сервистік қызметті жетілдіру, гидтерді даярлауда үздік мамандарды қатыстырып семинар-тренингтер ұйымдастыруды қамтамасыз етіңіздер», – деді Н. Нәлібаев.
Аймақта еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2 856 кәсіпорынмен жұмыс жүргізіліп, 222 жұмыс беруші 7 мыңнан астам жұмыскермен жазатайым оқиғалардан сақтандыру шартын жасасты. Бүгінде облыстың 4 379 кәсіпорнындағы 139 481 жұмыскердің еңбек шарты «Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне» енгізілген. Жалпы құны 1 трлн 100 млрд теңге болатын 43 жоба «Жобалардың инновациялық навигаторы» платформасына тіркелген. Биыл қолға алынған 24 жоба аясында мердігер мекемелер мен жұмыскерлер арасында еңбек шарттарының жасалуына тұрақты мониторинг жүргізілуде.