Жүкті әйел мен балаларды қаққан жүргізуші түрмеге отырды

1 500

Фото: KazinformТүркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Арыс қаласында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім жариялады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Түркістанда өткен сот процесіне судья Марат Күздеубаев төрағалық етті. Мемлекеттік айыптаушы 52 жастағы сотталушыны 10 жылға бас бостандығынан айыруды және көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айыруды сұрады. Прокурор сотталушының 14 жасқа толмаған баласы бар екенін ескеріп, жазаны өтеуді бір жылға кейінге қалдыруды ұсынды.

Қаза тапқандардың туыстары соттан кінәліге барынша қатаң жаза тағайындауды сұрады. Олар сотталушыны кешірмейтіндерін мәлімдеді.

Бұған дейін мұғалім болып жұмыс істеген сотталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сондай-ақ мүгедектігі бар кәмелетке толмаған қызын тәрбиелеп отырғанын айтып, жазаны жеңілдетуді өтінді.

Сот үкімімен әйел 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына шеттетілді. Жазаны өтеу бір жылға кейінге қалдырылды.

Сондай-ақ сот жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырды. Апат салдарынан қызынан айырылған Дана Үсімбек пен Ердәулет Сапардың пайдасына талап етілген 20 млн теңгенің орнына 15 млн теңге өндірілетін болды. Жол апатынан әйелдің өзі мен ұлы да жарақаттанған.

Баласынан айырылған Самат Айдаровқа 10 млн теңге өтемақы тағайындалды. Ол 50 млн теңге талап еткен. Ал Айдана Искакованың туған әпкесінің қазасына байланысты моральдық зиян ретінде 10 млн теңге өндірілді. Ол бастапқыда 15 млн теңге талап еткен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ және оған шағым түсіруге болады.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.