Қызылордада әкімдер әкесіне көше аттарын беру сәнге айналды ма?

6 562

Коллаж: Opennews.kzҚызылорда облысының әкімдік тағына келген басшыларымыз әкелерінің, ағаларының есімін көшелерге, тіпті бүтін бір ауылға қою әдеті жиілеп барады, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.


Қызылорда облысында бірнеше көшеге, тіпті ауылдарға аймақта әкім болған немесе қазір де сол қызметте жүрген лауазымды тұлғалардың әкелерінің есімі берілген. Олардың ішінде Бердібек Сапарбаев пен Қырымбек Көшербаев секілді экс-әкімдердің әкелерінің атымен аталатын көше мен ауылдар да бар.
Атап айтқанда, 1995 жылы облыс әкімі қызметін атқарған Сапарбаев Бердібек Мәшбекұлы Жаңақорған ауданына қарасты ауылдың біріне  әкесінің аты берілген. Яғни,  «Мәшбек Нәлібаев» ауылдық округі бар. Мәселен, Бердібек Сапарбаевтың әкесі Мәшбек Нәлібаев өз ауылының қарапайым азаматы болған. Айта кету керек, оның туған інісі Нұрлыбек Нәлібаев та Қызылорда қаласын бақандай 8 жыл басқарғаны тағы бар. 


Көше, тіпті ауылдардың атауы берілген кей әкімдердің әкелері заманында қатты танылмаған, қарапайым тұлға болғандығын әкімдер де жасырып отырған жоқ.


Ал, 2013 жылы облыс әкімі қызметіне сайланған Көшербаев Қырымбек Елеуұлы. Өзінің әкесі Елеу Көшербаевтың есімі қаланың қақ ортасындағы көшелердің біріне қойылған.  Қырымбек Көшербаев та осы облысты бірнеше жыл басқарған болатын. 

Қызылорда қаласында бұрын әкім болған немесе қазір де әкім лауазымында жүрген жандардың әкелерінің атына берілген көшелер өте көп. Қаланың бұрынғы әкімі Ғанибек Қазантаевтың әкесі Қонысбек Қазантаев атындағы көше де қала орталығында орналасқан. Сондай-ақ, Сырдария ауданы әкімінің әкесі Нәлғожа Ергешбаев атындағы  көше де бар. Айта кету керек, Нәлғожа Ергешбаевтың баласы Мұрат Ергешбаев та Қызылорда қаласын бірнеше жыл басқарған болатын.


Ал бүгінгі күні қала әкімі қызметін атқарып отырған Асылбек Шәменов те бұл бәсекелестіктен қалысар емес. Себебі Жалағаш ауданында 1994 жылдан бері Мөрәлі Шәменұлы атындағы ауыл бар. Мөрәлі Шәменұлының қызы да, немересі де аймақтағы лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған. Мәселен Балжан Шәменова бір жылға жуық  уақыт облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ал немересі Асылбек Шәменов осы ауыл орналасқан Жалағаш ауданының әкімі қызметін атқарған болатын. Бүтін ауылға есімі берілген Мөрәлі Шәменов өз дәуірінде мектеп мұғалімі, пошта қызметінің басшысы болған.  
Алайда, әкімдердің әкесінің есімдерімен аталатын қала көшелері де бұрыннан бар екені белгілі болды. Қонысбек Қазантаев, Елеу Көшербаев, Нәлғожа Ергешбаевтардың есімі ұлдары әкім қызметіне жайғаспай тұрып-ақ қала көшелеріне берілген.

Ал жалпы, әкімдерді босқа кінәлаудың не қажеті бар? Өйткені, олар жай ғана ескі Қазақстан көшбасшысының мінез-құлық үлгісін қабылдауға тырысты, бірақ олар әлі Жаңа Қазақстанға бейімделе қойған жоқ. Себебі біздің еліміздің астанасы әлі күнге дейін Елбасымыздың атымен аталатындығы тағы бар.


Сонымен қатар,  облысымызда тағы бір жағдай орын алуда. Бізге  мәлім болғандай, Төретам ауылындағы беделді кәсіпкер танымал көшелердің бірін туысы С.Үйрековтің құрметіне ауыстырған. Ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырған, өз Отанын шынайы сүйіп, халқының бақыты үшін күресе білген Амангелді Имановтың атындағы көшені Ұлы Отан Соғысының ардагері   Сисен Үйрековтің құрметіне ауыстыруына не себеп?  


Алайда, көшеге біреудің есімін беру ескірген жоба екенін шенеуніктер қашан түсінеді.  Ең дұрысы, өндіріс орындарын салып, игі істер жасаса екен дейміз.





Көше атаулары шенеуніктердің туыстарына берілуі дұрыс па?