Үкіметтен миллиардтар бөлінген: Маңғыстау облысында мал картон қағазбен қоректеніп отыр
411
Маңғыстау облысында төрт түлік мал картон қағазбен қоректенуде. Үкімет мал азығына деп бөлген қаражаттан бір тиын алмаған шаруалар жетерлік. Былтыр жазда жем-шөп болмай, мал қырылғанда бюджеттен 1 миллиард 900 миллион теңге бөлінген еді. Бірақ оның 700 миллион теңгеге жуық қаражаты сол күйі игерілмей қалған,- деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметі.
Жаздай қуаңшылық қысқан Маңғыстаудағы төрт түліктің үйреншікті жем-шөбі - кәдімгі картон қағаз. Суреттегі көрініс өңір тұрғындары үшін үйреншікті болып кеткен. Ал ветеринарлар малға қағаз беру зиян екенін айтады. Үкімет бөлген қаражаттан әлі бір реттік көмекті ала алмаған шаруалардың малға қағаз бергеннен басқа амалы жоқ. Айтуларынша, мал басын бірдейлендіру базасына тіркесе де осы күнге дейін тиісті ақшаны алмаған."Малымызды тіркеп, 50 жылқыға чип сатып алдық, түйені сырғаладық. Елдің бәрі ақшаны алып жатқан кезде, біз барып сұраған кезде "сіздің малыңыз компьютерге енбей қалды" деп айтты. Сосын жасыл дәлізбен тіркейсіздер деді. Сосын жасыл дәлізбен күз айында тіркедік. Енді соны әлі күтудеміз, ақша әлі түскен жоқ", - дейді жергілікті шаруалардың бірі Абылай Сайынов.
Төрт түлік иелері бірдейлендіру базасына тіркеу үшін бір малға 600 теңге төлейді. Мәселен 50 бас малды чиптеуге 30 мың теңге шығын шығады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, былтыр қазан айына дейін үкіметтен бөлінген 1,9 миллиард теңге қаражаттың 1 миллиард 248 миллион теңгесі игерілген.
"Аймақтағы мал азығымен қамтамасыз ету үшін 660 миллион теңгеден астам қаражат бөлуді көздейтін жұмысты бастап кеттік. Қазіргі таңда басқа да мемлекеттік органдармен осы мәселе бойынша келісімдер өтуде", - деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.
Былтыр желтоқсанда ауыл шаруашылығы министрі шаруалармен кездесіп, қаңтардың ортасында Маңғыстау облысына келіп, ауылдарды аралаймын деп уәде берген. Бірақ, әзірге уәдесінде тұрмады. Ал күдер үзбеген шаруалар төрт көзі түгел болып Ербол Қарашөкеевті күтіп отыр.