Ауруханада жатқан жерінен алып келген: Қызылордада митингке барғандарды күдікті деп қамауға алған
329
Қызылорда қаласында жаппай тәртіпсіздікке күдікті ретінде қамалғандардың жақындары тергеу изоляторының алдына жиналып, наразылық білдірді. Айтуларынша, бүлікке қатыспаған адамдар да қамауға алынған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Жанна Беденбаева қорғаушы болып жұмыс істеген күйеуі Әділхан Беденбаевтың Қызылордадағы митингке де, жаппай тәртіпсіздікке де мүлде қатыспаған айтады. Ол уақытта жолдасым жұмысқа барып келіп, үйде болды дейді. Алайда 11-қаңтар күні тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен қамап тастапты. Күйеуінің оған дейін желі арқылы әлеуметтік мәселелерді көтеріп, халықтың мұң-мұқтажын жариялап жүргенін айтады. Оны белсенді болғаны үшін қамауы мүмкін деп күмәнданады Жанна.“Машинадан сызба шықты дейді. Говд-ның сызбасы. Мен көрген жоқпын. 3 сутка бойы ұрған. Оған қарамай санкция салып, судьялар қамап отыр”, – дейді күдіктінің жұбайы Жанна Беденбаева.
Тағы бір тұрғын Тоты Нұрғалиева 18 жастағы студент інісінің заңсыз қамалғанын айтады. Ол тәртіпсіздік кезінде қайта таяқ жеген сарбаздарды қорғаштап жүрген дейді. Айтуынша оны сарбаздардың өздері де мойындаған. Соған қарамастан күдікті ретінде қамауға алынған бауырым террорист емес деп жыларман күйде.
“Үлкен аға мен апа болды. Сол жердегі көк воротасы бар үйге военныйларды кіргіздік дейді. Оларға тиіспеңдер деп қорғадық дейді. Ініммен мама кездесті. Мына жерден алып шығыңдаршы деп жылай берген. Сөйлесе алмаған”, – дейді күдіктінің әпкесі Тоты Нұрғалиева.
Бүгін жиналғандардың көбі қамаудағы жақынымыз тәртіпсіздік болған күні ешнәрсе бүлдірмеген дейді. Ал қазір темір тордың ар жағында оларға қысым жасалып, қорқытып айыпты қылып отыр деп ашынады. Сондықтан бәрін бірдей үй қамаққа шығарсын деп талап қойды. Ал полиция департаментіндегілер дәлелдер болғандықтан азаматтарды қамауға алдық дейді.
“Қылмыстық процестің заңнама талаптарына сай, прокуратурамен келісілген. Мәжбүрлеу шаралары тергеу сотымен санкцияланған. Ем алып болғаннан кейін ұсталғандар бар. Ем алып жатқандар жоқ. Денсаулықтары дұрысталғаннан кейін ұсталғандар бар”, – дейді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Байжан Исембекұлы.
Ал бірақ Әлия Мұқанова жолдасының аяғына оқ тиіп, ауруханада жатқан жерінен қамап тастады дейді.
Айтуынша қазір жолдасының жарақаты іріңдеп кеткен.
“Тігісін ерте алып қойған. Сол жыртылып іріңдеп жатыр дейді. Аяғына ота жасау керек десе, қайтадан хирургты жіберіп жатыр. Сонда оның өліп қалғанын күтеміз бе?”, – дейді күдіктінің жұбайы Әлия Мұқанова.
Жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен облыста 99 адам ұсталып, олардың 22-сі қазір үй қамаққа ауыстырылған. Бірақ тергеу камерасында күдіктілерді ұрып соққан дерек жоқ дейді департамент басшысының орынбасары. Ал негізсіз жиналғандар қамаудағы жақындарымызды үй қамаққа ауыстырсын деп талап қойып жатыр.