Риэлтор Түркиядан жаппай пәтер сатып алып жатқан қазақтар туралы айтты

376
Жылы климат, жайлы өмір және арзан баға. Бұл соңғы кезде қазақстандықтардың Түркияны желіде жарнамалаған жұлдыздардан естігені. Қазақ азаматтарының түрік еліне тұрақтап қалу үшін жаппай пәтер сатып алып жатқаны туралы ақпарат көп. 

Агенттік маманы Гүлмира Кабышеваның сөзінше, Түркиядан үй алу оңай. Пәтер сатып алу үшін жеке төлқұжат болса жеткілікті. Әрине қандай пәтер алатыныңыз қалтаңыздың қалыңдығына байланысты.

"Түркиядан баспаналы болу оңай. Барлығы бюджетіңе байланысты. Пәтер сатып алу үшін тек төлқұжат керек. Пәтердің ақшасын бөліп төлеуге болады, несиеге рәсімдеуге болады. Мұнда шетелдіктерге кредитті кез келген қаладан бере бермейді. Қазақстандықтарға кредит берілуі екіталай", - дейді Гүлмира. 

Риэлтор Түркиядағы жылжымайтын мүліктің бағасымен таныстырып өтті. 

"Бағалары әртүрлі. Орналасқан ауданына, қабатына, терезесі қай жаққа қарайтынына, орталықтан алыс жақындығына байланысты. Мысалы, бір бөлмелі (1+1) пәтерлер Аланияда шамамен 45 мың еуродан (23 миллион теңгеден) жоғары. Мерсинде 1+1 пәтер 25 мың еуродан (12 миллион теңгеден) басталады. Алания мен Антальяның бағалары бірдей. Стамбулда пәтерлер әлдеқайда қымбат. Егер үш бөлмелі пәтер қарастырып жүрсеңіз Мерсиннен арзанға табылады. Мен өзім Мерсиннен алдым. Жағажайдан 200 метр жерде орналасқан. Қаланың ортасы. Жоғарғы қабат. Менің пәтерім 38 мың еуроға шықты (19млн 594 мың теңге). Аланияда егер пәтер орталықта теңізге жақын, жоғары қабатта орналасса, кемінде 120-130 мың еуроға сатылады. Айырмашылық жермен көктей", - дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің маманы.