«Ақша Украинаға кеткен»: Павлодар тұрғыны 40 млн теңгесінен айырылып қалды

303
Павлодар тұрғыны алаяқтардың есепшотына 40 миллион теңге аударған. Белгілі болғандай, ақша аударымы украиналық банктердің біріне түскен, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, ер адам белгісіз интернет алаяқтарының құрбаны болған.

"Павлодар тұрғынына белгісіз адам хабарласып өзін банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырып, оның атына біреулер несие рәсімдеп жатқанын хабарлаған. Әрі қарай, оның шотында алаяқтар ұрлап алатындай ақша бар ма деп сұраған. Ер адам депозитте және ағымдағы шотта ақша бар екенін, оның сомасын айтқан. Қоңырау шалушылар бұл ақшаны басқалар алмайтын қауіпсіз шотқа аудару керек екенін айтып, банк нөмірін айтады. Жәбірленуші ақшаны сол шотқа аударған", - деді Павлодар облысы ПД криминалдық полиция басқармасының киберқылмыспен күрес бөлімінің жедел уәкілі Аман Әубәкіров.

Полиция қызметкерінің айтуынша, ұрланған қаражат көлемі 40 миллион теңге.

"Біз барлық ақша аударымдарын қадағаладық, депозиттік шоттан 40 миллион теңге алынған. Ақша Украинадағы банктердің біріне кетті", - деді Әубәкіров.

Бұл факт бойынша тергеу жүріп жатыр. Қылмыскерлер әлі табылған жоқ.