Маңғыстаудан Нұр-Сұлтанға әділдік іздеп келгендер далада түнеп жүр

228
Алаяқтардың құрбаны болғанын айтқан Маңғыстау облысының тұрғындары Нұр-Сұлтанда наразылыққа шығып, далада түнеп жүр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz 

Телеарна мәліметінше, бір топ алаяқ олардың сеніміне кіріп, соңғы үлгідегі көліктерді екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеп, оны қысқа мерзімде өтеуге уәде берген. Машинаның бастапқы 30 пайыздық жарнасын да төлеген. Алданғандар сеніп құжаттарды оқымай, қолын қойған.

Сол қызметі үшін 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін сыйақы алған.
Алаяқтар несиенің екі айын төлейді, де келесі айында телефондарын өшіріп, жоқ болып кеткен. Ал автокөліктерді алаяқтар үшінші тұлғаларға төмен бағада сатып отырған. Алданып қалған жәбірленушілердің банк шоттары бұғаттаулы. Ал несиенің өсімақысы күн санап өсіп жатыр.


Нұр-Сұлтанға әділдік іздеп келген бес азамат мәселесі шешілгенше, далада түней беретіндерін айтады. 
Маңғыстау облысының полиция департаменті бұл істен хабардар. Қылмыстық іс қозғалған. Полицейлер заңсыз жолмен келген көліктердің кейбірін вин-код арқылы тапқан. 16 автокөлік Ақтау қаласының айып тұрағына жабылыпты. Үш күдікті қамауда отыр. Елде 189 жәбірленуші осындай алаяқтардың құрығына ілінген.


"Маған анам қайтыс болғаннан кейін ақша керек болды. Жалақым небәрі 70 мың теңге. Банк маған 16 миллион теңгенің көлігін қалай бергеніне таңғаламын. Мен үш баламды жалғыз асырап отырмын. Кредитті енді қалай төлеймін білмеймін", - дейді жәбірленуші Бақтыгүл Ғалиева.