Қызылордада жұмысшы мамандықтарды насихаттауға арналған жаңа жоба іске қосылды

1 144

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіБиыл Мемлекет басшысының Жарлығымен «Жұмысшы мамандықтарының» жылы болып жарияланды. Осыған орай, қалалық жастар орталығы «Жұмысшы мамандықтарды насихаттау» әлеуметтік жобасын іске қосты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында қалалық жастар орталығының директоры Медет Жорабек толық ақпарат беріп өтті.

2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы. Бұл – Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген маңызды шешім. Аталған бастама аясында ел аумағында кәсіби-техникалық бағыттағы кадрлардың беделін арттыру, жұмысшы мамандықтардың маңызын насихаттау бағытында ауқымды шаралар қолға алынуда. Солардың бірі – Қызылорда қаласында бастау алған «Жұмысшы мамандықтарды насихаттау» атты әлеуметтік жоба.

Жаңа бастаманың мазмұны мен мақсат-міндеттері жөнінде қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Медет Жорабек қала әкімдігінің баспасөз орталығында өткен конференцияда кеңінен айтып өтті.

Жоба мақсаты – жас маманға құрметті арттыру

– Бұл жоба – техникалық және кәсіптік білім беру бағытында оқып жүрген немесе еңбек етіп жүрген талантты жастарды қолдауға арналған. Жұмысшы мамандық иелерінің ел дамуына қосар үлесі орасан. Сондықтан біз олардың жетістігін көпшілікке көрсету арқылы азаматтық белсенділігін арттыруды, кәсіби ортадағы мәртебесін көтеруді көздеп отырмыз, – деді Медет Ерданаұлы.

«JastarX» – еркін форматтағы жаңа алаң

Жоба аясында «JastarX» атты арнайы пікір алаңдары құрылып, өз кәсібінде жетістікке жеткен жас мамандардың еңбек жолы насихатталуда. Бұл – жастардың бір-бірімен еркін пікір алмасуына, тәжірибе бөлісуіне, мотивация алуына жол ашатын платформа.

– Жас дәнекерлеушілер, тігіншілер, аспаздар, электриктер, тас қалаушылар сынды мамандардың қатысуымен кәсіби байқаулар өткізу жоспарымызда бар. Қатысушылардың жас ерекшелігі 16 мен 34 жас аралығында. Біз жастардың бұл саладағы әлеуетін арттырып, оларды нақты қолдаумен қамтамасыз етуді көздейміз. Қазіргі таңда қатысушыларды тіркеу жұмыстары басталды, – деді орталық директоры.

150 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақы

Жобаның аясында өтетін әр байқауда жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарға 150 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталатын болады. Бұл – жастарды ынталандыру мен еңбегін бағалаудың нақты көрінісі. Сонымен қатар, байқауға қатысқан жастар тәжірибелі кәсіби мамандар мен арнайы спикерлер қатысатын «Жұмысшы мамандықтар» форумында арнайы марапатталады.

Жастарға жан-жақты қолдау көрсетіледі

Байқауға ниетті жастарға қажетті барлық ресурстық қолдаулар орталық тарапынан көрсетіледі. Қатысушылар жоба барысында тәлімгерлік, кәсіби кеңес, ақпараттық бағыт беру, презентация жасау және сахналық сөйлеу машықтары бойынша да қолдау алады.

Қатысу үшін:

📞 8 776 567 32 32 байланыс нөмірі арқылы
📱немесе «Qosyl Qyzylorda Jastar Ortalygy» әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тіркелуге және қосымша ақпарат алуға болады.


Мамандық таңдау – болашақ таңдау

Бүгінгі таңда еңбек нарығында жұмысшы кадрларға деген сұраныс жоғары. Әсіресе, білікті электрик, дәнекерлеуші, аспаз, дизайнер, құрылысшы, шаштараз сынды мамандық иелері — өндіріс пен тұрмыста негізгі сұраныс иелері. Сондықтан да жұмысшы кәсібін таңдаған жастарды қолдау – ел болашағына салынған инвестициямен тең.

Қызылорда қалалық жастар орталығының бұл бастамасы жастар арасында жұмысшы мамандықтарының маңызын арттырумен қатар, қоғамда адал еңбекке деген құрметті қалыптастырады.