Қызылордада аудит қызметкерлері бухгалтерлерді пайдаланылған заттарды сатуға мәжбүрлеген

599
Қызылорда қаласының Мемлекеттік аудит қызметкерлері бухгалтерлерді пайдаланылған заттарды сатуға мәжбүр еткен, -   деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі. 

 Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен аудиторлық тексеру жүргізу барысында бірнеше рет пара алғаны үшін Қызылорда облысының Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы мен бас маман-мемлекеттік аудиторына қатысты пара алу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, аудиторлық тексеру жүргізу кезінде аталған тұлғалар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланған.

"Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" ММ-не бағынысты мекеме бухгалтерлеріне киілген киімдерді (пальто, күртеше, орамал) көтеріңкі бағамен өткізуді талап етіп, сатудан түскен 456 000 теңге ақшалай қаражатты өз қалтасына алғандығы анықталды.

Бұл жөнінде Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі анықтап, сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жүріп жатқандығын хабарлаған.