Көлік ішінде екі адам өлі күйінде табылды
Семей қаласының шетіндегі «ҚазМұнайГаз» жанармай бекетінің маңында қайғылы жағдай болған. Тәртіп сақшылары «Газель» автокөлігінің ішінен екі ер адамның денесін тапты,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Sn.kz ақпараттық сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адамдар түнде көлік салонында ұйықтаған. Олар жылыну үшін автономды жылыту құрылғысын пайдаланған болуы мүмкін. Өкінішке қарай, азаматтар ұйқыдан сол күйі оянбаған.
Абай облыстық Полиция департаменті екі адамның қаза тапқанын ресми түрде растаған. Оқиға орнына шұғыл түрде полиция мен төтенше жағдай қызметінің мамандары жеткен. Мәйіттерді тексеру барысында зорлық-зомбылық белгілері табылмаған. Қазіргі уақытта құзырлы органдар тиісті тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Қайғылы жағдайдың нақты себебі ресми сараптама нәтижелерінен кейін белгілі болмақ.







